"Дайын болыңыздар": Құл-Мұхаммед коронавирусқа қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс комитетінің отырысында төраға Мұхтар Құл-Мұхаммед коронавирусқа байланысты депутаттар Қытаймен өткізу бекеттерін аралайтынын айтты.
Шекара арқылы өтетін 8 автомобиль жолдары бекеті бар. Теміржол арқылы өтетін бекеттер бар. Батыс Еуропа - Батыс Қытай арқылы көптеген компаниялар тауарларын тасымалдайды. Олардың да жұмысын тоқтатып қоюуға болмайды. Сіздер осыларға байланысты қандай шара қабылдадыңыздар?, - деп сұрады Мұхтар Құл-Мұхаммед ұлттық қауіпсіздік қызметінен келген қонаққа.
Ал ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков барлығын бақылауда ұстап отырғандарын және президент берген тапсырмаға сәйкес жұмыс істеп жатқандарын айтты.
Өздеріңіз білесіздер, президентіміз тікелей тапсырма берді. Жексенбі күні шұғыл өткен үкімет отырысына ҚР ҰҚК шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов қатысты. Өзіңіз айтқандай, Қазақстан мен Қытай арасында бірнеше өткізу пункті бар. Сол шекаралардағы бақылау пунктерінде тексеріс күшті. Әрбір келген адам тіркеуге алынып, денсаулық сақтау министрлігіне жіберіліп жатыр, - деді Нұрғали Білісбеков.
Өз кезегінде Мұхтар Құл-Мұхаммед сенаторлар Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу пунктерін аралап, жағдайды өз көздерімен көреміз деп отыр.
Біздің халықаралық қатынастар, қорғаныс комитетінің депутаттары алдағы аптада шекараға барады. Әуежайдағы және басқа жердегі өткізу пунктерін аралайтын боламыз. Жағдайды өз көзімізбен көреміз. Осыған дайын болыңыздар. Осы апта немесе келесі аптаға деп отырмыз.
Менің есебім бойынша, бір жылдың ішінде 400 мыңнан астам адам әрі-бері өтеді екен. Оның ішінде басым көпшілігі, яғни 200 мыңнан астам Қазақстан азаматтары. Қалған Қытай азаматты. Сондай-ақ бір аптаның ішінде 34 әуе рейсі бар. Бұл өте көп. Одан да басқа Қытай тарапынан қабылданып шаралардың бар екенін білемін. Ол жақта біздің қаншама студенттеріміз оқып жатыр. Вирус тараған Ухань қаласында 98 қазақстандық студент оқиды. Бірақ олардың қазір әрлі-бері шығуы қиындау. Өйткені қалада жаппай карантин.Алайда барлығы біздің азаматтар болғандықтан - бұл мәселені барлық министрлік ерекше назарға алу керек. Біздің басты байлық - Қазақстан азаматтары,- деді сенатор.
Айта кетейік, мемлекет басшысы 26 қаңтарда үкіметке коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды.
Үкіметке Қытайда пайда болған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды, - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
28 қаңтардағы мәлімет бойынша, Қытайда коронавирустың жаңа типіне шалдыққандардың жалпы саны 4515-ке жетті, оның 106-сы қайтыс болған.