Ата-бабамыздан «ханда қырық кісінің ақылы болады» деген нақыл сөз қалды. Осыны айтқан бабаларымыз: «тегін адам таз болмайды!» деп тағы да айтты. Осы сөз тіркестеріне қарап, ақымақ адамның әрі анау-мынау адамның ХАН болмағанын шамалауға болады.
Сондай-ақ, осы сөздерге қарап, барлық ХАНДАР ИНТЕЛЛЕКТУАЛ, АҚЫЛДЫ болды деген тұжырым жасауға болмайды. Оның себебі – хан тұқымын таратқан қатында жатты. Алтын Орда хандарының жиендері басқарған Ресей княздіктерінің мықты империяға айналуының да сыры осында еді. Осы жерде Бұқар жыраудың:
«Жал-құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалыңмалы арзан деп,
Жаманнан қатын алмаңыз.
Айтқанымды тексермей,
Алды-артыңды тектемей,
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Ақылымды ескермей,
Жаманнан қатын алсаңыз,
Топқа түсер ұл тумас...
Жаманнан – жақсы туса да,
Жақсыдан – жаман туса да,
Тартпай қоймас негізге», - деген толғауы еріксіз еске түседі. Әрине, сұлуға қызықпайтын еркек болмайды. Сондықтан, кейбір кезде сұлуға үйленеміз деп, сідігін сұйылтқан хандардың қазақ тарихында аз болмағанын тарихтан көріп отырмыз.
Атам қазақ «ханда қырық кісінің ақылы болады» дегенде тек ханды ғана емес, оның 12 уәзірі мен 40 кісіден тұратын Хан Кеңесін де қоса айтса керек. Оның барлығы күні кеше бала күнімізде майшаммен оқыған Қазақтың тұрмыс-салт ертегілерінде жазылып тұр.
Дәл сол сияқты, осы тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанды басқарған және басқарып келе жатқан Президенттеріміздің аузынан шыққан кейбір сөздердің сын көтермей қалатынын байқап та келдік, байқап та отырмыз. Сондай кездері Президенттің аузына сөз салатын спичрайтерлері мен идеологияны басқарған тұлғаларға қарап, көңіліміздің қоңылтақсып қалатын кездері аз емес болатын. Бүгінгі таңда, «Жаңа Қазақстанды» құрамыз деген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасын қолдай отырып және «сын түзелмей мін түзелмейді!» деген ата-бабамыздың жолымен «ДАТ, тақсыр!» дегім келіп отыр.
Әрине, көзі қарақты әрбір адам Президенттің сөйлеген сөздері мен жасаған баяндамаларын тыңдап қана қоймай, артынан бір оқып шығатын болар. Өз басым ылғи солай жасаймын. Кейде оқып отырып, 11 сыныптық мектепті бітірген балалар байқайтын қателерге көзің түседі.
Мысалы, осы жылы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайдағы Президентіміздің сөзін тыңдадық. Содан кейін «Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтына» кіріп, тағы да оқығымыз келді. Ресми сайтта қазақ тілінде «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзі» деп жазылып тұрса, орыс тілінде: «Выступление Главы государства на первом заседании Национального курултая» деп жазылып тұр.
Осыны оқыған кезде бірден: «сонда Ұлттық Құрылтайда қанша отырыс болды екен?» деген ой келді. Ары қарай оқып байқасам, бір ғана отырыс өткен сияқты. Басқа да бұқаралық ақпарат құралдарын қарадық. Барлық жерде «Ұлттық құрылтайдың I отырысы» немесе «Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы» деген ұғымдар қолданылған екен. Сонда, «Ұлттық Құрылтай» деген мемлекеттік орган немесе заңды ұйым ба?!» деген сұрақ өзінен-өзі тағы да туады екен. Мұның барлығын тәптіштеп айта отырып, осындай «баспасөз жаршысын» немесе «пресс-релизді» жасаған ҚР Президенті әкімшілігіндегі тиісті лауазымды тұлғалар неге қазақ тілінің заңдылықтарын сақтамайды екен деген сұрақ туады?!
Егер, Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтай бір ғана отырыспен бітсе, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі» немесе «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі», болмаса «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі» деп сауатты түрде әрі қазақы ұғымды және тіл заңдылықтарын сақтай отырып жазылуы тиіс еді. Егер, Ұлттық Құрылтайда бірнеше отырыс өтсе, басқа отырыстардың қашан және қандай күн тәртібімен өткені, кімдердің не айтқаны жазылуы керек еді. Ол да жоқ.
Шынтуайтына келгенде, сайттағы тақырыптың не қазақшасы, я болмаса орысшасы дұрыс емес!
Дұрысы, қазақ тілінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі» деп, орыс тілінде: «Выступление Главы государства на первом Национальном курултая» деп жазылуы тиіс еді. Мен тілші емеспін. Мен мұны 28 жыл бұрын бітірген 11 сыныптық біліміме сүйеніп айтып отырмын. Әгәрәки, менікі қате болса, тілшілер мені түтіп жесін!
Одан ары, «Құрылтай» ұғымына келейік. Түркі-қазақ және монғол тарихында «Құрылтай» ешқашан кезекті жиын болмаған. Ол келелі мәселені шешетін кезде, мемлекеттің негізі мен басқару жүйесін өзгертетін кезде ғана шақырылған болатын. Егер, «Ұлттық Құрылтай» деген ұғымды қазақ санасына Инновация ретінде енгізу жоспарланса әрі оның алда кезекті отырыстары өтетін болса, ол мемлекеттік орган ретінде құрылуы тиіс немесе заңды ұйымға айналуы тиіс. Сонда келісуге болар еді...
Менің қазақы ұғымымда, бұл ешқандай да «Ұлттық Құрылтай» емес, бұрынғы «Хан кеңесі» сияқты «Президент кеңесі»! Өйткені, тағы да қайталап айтамын, Құрылтайларда мемлекеттік құрылыс өзгерген немесе жаңа мемлекет құрылған. Қазақтың онсыз да сансырап отырған санасына бұлайша соққы бере беруге болмайды!
Ұлттық Құрылтай отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.
Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды», - деді.
Әрине, алдыңғы үш Құрылтаймен келісуге болса да, соңғы екеуінің «ҚҰРЫЛТАЙ» болғанымен келісуге болмайды! Онымен келіссем, тарихшы болып жер басып жүрудің өзі мен үшін азап болмақ!
БІРІНШІДЕН, Орынборда ешқашан «бірінші қазақ құрылтайы» болған емес! 1917 жылы Орынборда сәуір айында «Қазақ халқының тұңғыш съезі» болса (Қараңыз: «Қазақ» газеті. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. 373-б.), шілде айында «Жалпы қазақ съезі» болды (Қараңыз: «Қазақ» газеті. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. 403-б.).
Қазақстан тарихында осы 21-26 шілде күндері өткен жалпықазақ съезін «І Бүкілқазақ съезі» (бірінші жалпықазақ съезі) деп атау қалыптасты (Қараңыз: «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. Алматы: «Атамұра», 2010. – 101-б.). Яғни, Қазақстан тарихнамасында Алаш партиясын құрған «бірінші қазақ құрылтайы» ешқашан болған емес! Біз әр нәрсені өз атымен айтқанымыз жөн! Яғни, съезді СЪЕЗД дейік!
Академиялық бес томдықтың 4-томында: «І Бүкілқазақ съезі негізінен «Алаш» (қазақ) ұлттық саяси партиясының күшімен өткізілді», - деп қате жазылды (Қараңыз: «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. Алматы: «Атамұра», 2010. – 103-б.) деп есептейміз. Өйткені, өкінішке орай, 1995 жылғы «Алаш һәм Алашорда» монографиясының 124-бетінде «Сөз жоқ, Алаш партиясының құрылуы (дәлірек айтқанда – бірінші съезде партия құрылды деп жариялау) қазақ халқы өміріндегі елеулі оқиға болды», - дей отырып, осы кітаптың 126-бетінде: «Алашты саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен әдеттегі партияға ауысу (айналу) «кезеңін» бастан кешірген өтпелі саяси ұйым деп қарастырған жөн. Алаштың әдеттегі саяси партияға айналу процесі 1917 жылғы шілдеден сол жылдың соңына, яғни АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ (бас әріптермен бөліп көрсеткен біз. Шындығында, Алаш автономиясы жарияланған да жоқ, құрылған да жоқ! – С.Ш.) мен Алашорда үкіметі құрылғанға дейін айтарлықтай қарқынмен жүргізілді... Алаштың партия болып қалыптасуы аяқсыз қалды. Ал азамат соғысы жылдарында Алаштың, М.Дулатов дәл айтқанындай, «Алашорданың көлеңкесінде қалғаны» тарихи шындық», - деп, өзіне-өзі қарсы шығып, екіұшты пікір айтқаны рас болғанымен, кейіннен бұл мәселенің ақиқатын айтып жүретін Кеңес Нұрпейісұлы бұл кезде өмірден өтіп кеткен еді.
Яғни, бұл әлі күнге дейін талас туғызып келе жатқан мәселе! Шындығында, бірінші жалпықазақ съезінің шешімі жарияланған «Қазақ газетінде»: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съез Шорай исламға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократическая федеративная парламентарная республикаға құрылмақ. ПАРТИЯ ЖОБАСЫН ЖАСАП БОЛҒАН СОҢ (бас әріптермен бөліп көрсеткен біз – С.Ш.) өкілдер қазақ облосной комитеттерінің қарауына жібереді, онан кейін учредительное собраниеге жиналған қазақ депутаттары қарап бекітеді. ҚАЗАҚ САЯСИ ПАРТИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫ ЖАСАЛҒАНША (бас әріптермен бөліп көрсеткен біз – С.Ш.) осы съездің қаулылары учредительное собраниеге баратын қазақ депутаттарына наказ – аманат болады», - деп нақты жазылған еді.
Сауаты бар кез-келген қазаққа түсінікті тілмен жазылған бұл мәтіннен Қазақ саяси партиясының бұл съезде құрылмағанын әрі жарияланбағанын, атауының да болмағанын анық байқауға болады. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы» тек қана 1917 жылы 21 қарашада жарияланғанын ескерсек, «Алаш» партиясының құрылғанының өзі үлкен дау туғызады (бұл өз алдына бөлек мәселе!).
Жоқты жоқ, ақты ақ деп айтпасақ, келешек ұрпақтың алдында ұятқа қаларымыз хақ!
ЕКІНШІДЕН, қазақ тарихында «Алаш автономиясын жариялаған» ешқандай «Екінші құрылтай» болған емес! 1917 жылы 5-13 Алашорда үкіметін құрған жиын – қазіргі қазақ тарихнамасында «ІІ Бүкілқазақ съезі» деп аталады (Қараңыз: «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. Алматы: «Атамұра», 2010. – 124-б.) және сол кездегі баспасөзде де солай жазылды.
Енді, «АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ» деген мәселеге келсек, ешқашан мұндай автономия жарияланған емес! 5-13 желтоқсандағы Екінші бүкілқазақ съезінде Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданғанымен, оны құру әрі жариялау мәселесі шешілмеді. Яғни, ол кейінге қалдырылды. Съезд 54 адамнан тұратын Алашорда атты үкімет құрып, Түркістан автономиясы құрамындағы Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтары қосылған жағдайда Алаш автономиясын жариялаймыз деген шешімге келді.
Бұған Т. Жұрбай, С. Аққұлұлы, Б.Қойшыбаев сынды бірқатар тарих әуесқойлары дауласуы мүмкін, бірақ, өзін-өзі сыйлайтын бірде-бір кәсіпқой тарихшы дау айтпайды деп ойлаймыз.
Сондықтан, тарихи шындықты бұрмалап, осындай қате сөздерді Президенттің аузына салып беріп отырған тұлғалардың қызметіне сын түзуді жөн көрдік. Осы сынды көтеріп, мінін түзетер деген үмітпен жазып отырғанымызды да айта кеткім келеді. Сонда ғана Президентімізде «қырық кісінің» ақылы толық болмақ. Бұл тек қана спичрайтерлер мен идеологтарға ғана қатысты емес, қалған «отыз тоғызға» да қарата айтылған мәселе!
P.S.: Осы жерде Уикипедияға: «Алаш автономиясы — Трансконтинеталды қазақ республикасы болған. Оның аумағының көбісі Орта Азияда болып, бір бөлігі Шығыс Еуропада орналасқан. Бұл Ресей Республикасының, одан кейін Кеңестік Ресейдің бөлігі болған ел. 1917 жылда Алаш партиясының қазақ зиялыларымен құрылып, 1920 жылда Кеңес үкіметі басқарып отырған партияның жұмысына тыйым салғанда таратылған. Автономияның мақсаты - Ресейден тәуелсіздік алып, ұлтшылды-демократиялық мемлекетті құру. Ел солтүстігінен және батысынан Ресей аумақтарымен, оңтүстігінен Түркістан Автономиясымен, ал шығыстан Қытаймен шектеседі», - деген сандырақты жазып қойып, бүкіл ұлттың тарихи санасына қастандық жасап отырған бассыздықпен қандай мемлекеттік өкілетті орган күреседі екен деген сұрақ тағы да туады! (Қараңыз:)
Сәбит Шілдебай
Дереккөз: Фейсбук