Көптеген валюта айырбастау пункттері бар азаматтардың көңілін күпті қылған мәселенің толғағы бүгін тарқады. Енді валюта айырбастау қызметін көрсететін орталықтар кешкі 20:00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Сонымен қатар, бастапқы шартты қаржы капиталының көлеміне де біршама өзгерістер енгізілді.
Бұрынырақ көтерілген бұл сұрақтың жауабын айтуға Ұлттық Банк те біраз ойланған. Ол кезде бастапқы қаржы капиталының көлемі аз, ал қызмет көрсету уақыты 10:00-19:00 аралығы деп көрсетілген-ді.
Қазір талқыланып жатқан қаулы бойынша валюта айырбастау операциялары таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс жасайды. Сондай-ақ, бастапқы қаржы капиталы Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қалалардағы валюта айырбастау пункттері үшін бастапқы капитал 100 миллион теңге, облыс және қалалар үшін 50 миллион теңге, басқа елді-мекендерде 10 миллион теңгеге бағаланды. Бұлай аяқ асты еселеп өскен міндетті қаржы капиталына Қазақстанның әр аймағындағы осы кәсіпті дөңгелетіп отырған азаматардың төбесінен жай түскендей әсер етті.
Қолма-қол қаржы саудасы
Шетелдік валютаның қолжетімділігінің төмендеуі айтарлықтай қиындық туғызары сөзсіз. Әуежай, теміржол вокзалдары немесе басқа да орындардағы тәулік бойы жұмыс жасайтын валюта айырбастау орталықтары қалауынша үстеме қоспасына да ешкім кепілдік беріп отырған жоқ.
Тәулік бойы қызмет көрсететін валюта айырбастау пункттерінің есігінде кешкі 20:00-ден кейін қара құлып тұрса, жұмыртқадан жүн қырқатын кейбір пысықайлар қалтасын қағып-сілкіп шетелдік құнды қағазды қолма-қол сатуды кәсіпке айналдыруы әбден мүмкін. Ал мұндай қаржылық саудадан міндетті салық пайызы да, бірізді валюта курсы да өз тәртібін сақтамайды.
Бұл ретте елде алаяқтық, айласын асырып ақша табу сынды қылмыстық әрекеттер де арта түсуі ықтимал. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс жасауға мандат алып отырған валюта айырбастайтын нүктелер де шетелдік валютаның құнын аспандатып, «жау жағадан алғанда, бөрі етектеннің» керін келтіріп асығып айла-шарғысы таусылғандардың қалтасын қағуы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз.
Құжатсыз ала алмайтын шетелдік валюта атамыздың құны ма еді?
ҚР Ұлттық Банкі тарапынан жасалып отырған бұл қадамда 500 мың теңге көлемінен асқан қаражат үшін құжатыңды қызмет көрсеткен маманға ұсынып, бекітілген заңнамаға сәйкес тіркеуге алынасың. Мұндай әрекетті валюта айырбастау пункті бар кәсіпкерлер уақытты созатынын әрі қағазбастылықты арттыратынын айтып отыр.
Қазақстанда 2642 валюта айырбастау пункті тіркелген. Оның 1656-сы банктерге тиесілі, «Қазпоштаның» иелігінде 233 нүкте бар. Жеке кәсіпкерлердің қарамағындағы қаржылық операциялармен айналысатын пункттер саны – 753.
Мамандардың айтуынша, банктер үшін валюта айырбастау негізгі табыс көзіне айналмаған әрі көп кіріс әкелмейтін бағыт. Өзге бір ракурстан бұл мәселеге көз тастасақ, жасалған өзгеріс пен бастапқы қаржы капиталының күрт өсуі аталмыш операциялардың барлығын банк қарамағына өткізу үшін болуы да мүмкін.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық Банкінің мәліметіне сүйенсек, бұдан былайғы уақытта шетелдік валюта сатуда максималды мөлшер белгілі бір жүйе бойынша тағайындалмайды. Бұл да өзара үндестікті жойып, алауыздыққа алып келуі ықтимал.
Қалта ма, халық па?
Қалай айналдырып талдасақ та, валюта айырбастау тәуліктің кез келген уақытында қолжетімді болғаны абзал. Өйткені, шетелдік тәжірибені ішкерілендіруді ахуал көтермейді. Шетелде халық онлайн төлем жасауды, қолма-қол ақшаға көп жүгінбеуді белгілі бір межеде меңгерген. Бізге мұндай жүйені енгізу үшін бізге біршама уақыт өткізіп, жалпы жағдайды бағамдаған абзал.