Армениядан көлік әкелу науқаны басталғанда қалта түбін қағып Еуропаға аттанғандар аз болған жоқ. Артынша апта аралатпай еліміздің әр аймағында Армения нөміріндегі көліктердің қарасы көбейе бастады. Арзан түссе, оңтайлы болса, түбі бір ағайынның тәуір тұлпар тізгіндеп жүргеніне кім қарсы болсын?!
Мәселе басқа, бұ жолғы айтар ой да, армян көліктеріне тағар айып та дәйекті. Армения, Қырғызстан сынды мемлекеттердің нөмірін тағып, камера біткенді көзге ілмей, жылдамдықты арттырып жүргендердің кесірінен аз ғана уақыттың ішінде бірнеше отбасы қара жамылды, біреулер көз қуанышым деп мәпелеп өсіріп отырған баласын амалсыз жер қойнына тапсырды. «Қырық күн қырғын болса да ажалды өледі» деген нақыл бары рас. Әйтсе де, жол ережесін өрескел бұзып, мойнына құрық түспеген шу асаудай қала ішінде жүйткіп жүргендерге жаза қолданған абзал еді. Көптің көкейіндегі түйткілді сұрақ көп күттірмей жауабын тапқандай.
Жуырда Қазақстан Республикасы Армения және Қырғызстаннан әкелінген көліктерді түпкілікті өз атына тіркеуді немесе елден шығаруды, тіпті болмаған жағдайда, бөлшектеп сатуды міндеттейтін қаулы қабылдады. Қоғам пікірі осы тұста тағы екіге жарылды. Кей белсенділер бұл көліктерді одан әрі пайдалана беру дұрыс дейді, кейбірі елден шығару қажет деген ұстанымда.
Қазақстан Республикасы автокөлік сапасын анықтайтын Еуро-5 стандартына өткен елдердің қатарында. Еуразиялық Экономикалық Одақта осы стандарт жүйесін заңдастырған біз ғана. Соған қарамастан, шетелдегі ескі-құсқы, стандартқа сай келмейтін, сапасы сын көтермейтін, арзанқол көліктер әлгі науқан кезінде шекарадан өтіп жатады. Көліктің уақытша тіркеумен жүру уақытының бір жыл екенін ескерелік. Содан кейін бұл тұлпар елден шығуы тиіс. Қайта кіруге 1 айдан кейін ғана рұқсат беріледі. Бірақ азаматтар бұл тығырықтан да шығар жолды тауыпты. Уақытша «армян» болып шыға келу аса қиын емес екен әрі қалтаға да жеңіл. Сонан соң өзінің алыстан «аттай қалап» әкелген айбоз айғырымен ойқастап туған топырағына қайта оралады.
Енді қаржылық олқылықтарға ойысалық. Жол ережесі бұзылмай тұрмайды. Кішігірім қателіктерді қалт жібермейтін «ақылды» камералар орнатылған қалада айыппұлды айналып өту мүмкін емес. Қызығы сол, дәл осы шетелдік нөмірмен жүрген көліктер жол ережесін шамадан тыс көп бұзады екен. Әрине, тізгін ұстаған жүргізуші өз нөмірін ешқандай камера түсіре алмасын анық біледі. Осындай өрескел қателіктердің салдарынан төленбеген айыппұл көлемі (тек шетелдік көліктерге қатысты статистика) 1,1 миллиард теңгеге жеткен. Тіркелмеген көліктер 90 мың рет жол ережесін белден басып, қиғаш әрекет жасапты. Бұл – ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметі.
Көпшіліктің пікірі министрліктің бұл шешімі шетел көлігін тізгіндегендерге ауыр тигенімен бірталай қатерлі жағдайдың алдын алды дегенге саяды. Расында, кедендік одақтан өткен көліктің өз елінде жүрсе де заңға бағынбай ойқастауы – бас бармақпен бағалайтындай ахуал емес.
Тәмсіліміз тұздықсыз болмасын, айта кетелік. Жаңалықтардағы «жол ережесін көп бұзатындардың қатарында шектелдік көліктер саны басым» деген сөздерді оқыған сайын іздене түсесің. Мәселен, Атырау қаласындағы армян көлігін тізгіндеген жүргізуші жол ережесін 65 рет бұзып, сытылып кетемін деп ойлаған. Дегенмен, мұны мамандар анықтап, жүргізушінің мойнына 800 мың теңге айыппұл тақты.
Ішкі істер министрлігі – еліміздегі тәртіп пен құқықтың сақталуына жауап беретін құзырлы орган. Ол жерден қабылданатын шешім жеті рет өлшеніп барып кесілетіні де сөзсіз. Сондықтан, қарапайым халыққа, жол қозғалысына, мемлекеттік бюджетке зиян келтіретін жағдайлардың алдын алып, бойды аулақ ұстаған жөн.
Армения немесе басқа елдің нөмірін таққандар жазадан сытылдым деп жол ережесін оңды-солды бұзады. Кейбірі тұтылып та жатыр. Аяқ асты миллиондаған айыппұлдың борышкері болып шыға келу жүргізуші азаматқа да оңай соқпасы анық.
Сонымен қатар, ІІМ-нің бұл шешімінің бір астары - еліміздің автоөндіріс саласына бюджеттен бөлінген ауқымды қаражаттың дұрыс игерілуіне жағдай жасау. Бұл-дағы біздік міндет. Қамқор пейілдің бетінен алып байбалам салмай, билік пен қоғам арасындағы мәселелерді ізгі жолмен шешкеннен абзалы жоқ-ау, сірә?!