Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында жаңа әлеуметтік төлемге көңілі толмайтын көпбалалы аналар туралы пікір білдірді.«Кез келген реформаға көңілі толмайтындар табылады. Бірақ, бұл барлығына ұнамады деген сөз емес. Сондықтан, мемлекет баяғы қателіктерін қайталады деп айтуға болмайды. Қазірдің өзінде 400 мың отбасы – 2,5 млн адам жәрдемақы алып үлгерді. Аз қамтылған санатқа жатпайтын, бірақ 4 бала өсіріп отырғандарға да көмектесу керек», – деді министр. «Хабар» арнасындағы бағдарламасында көпбалалы ата-аналар жәрдемақы балаларға беріліп отырғанын түсіну керегін айтты. «Несие алып, уақытында төлеуге міндеттелгендер бар. Олар да балаларын жақсы киіндіріп, қолайлы жағдайда өсіргісі келеді. Неге оларға мемлекет көмектеспеуі керек? Аз қамтылған азаматтарға мемлекет жұмыс тауып беруге міндетті. Ал жәрдемақы табысына қарамай, барлық көпбалалы отбасыларға беріледі. Көпбалалыларға берілетін бұл жәрдемақы еңбекке жарамды үлкендерге емес, балаларға беріліп отыр. Осыны түсіну қажет», – деді Дәурен Абаев. «Қазақпараттың» дерегінше, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Аталған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге төленеді. Жалпы алғанда, 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 177,6 млрд теңге көзделген. Бұл жәрдемақыны 346,8 мың отбасы алатын болады.