Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қажет деп мәлімдеді.
Мемлекет басшысы халықпен санасуды, бұқара үніне құлақ түруді міндеттеп отыр. Ашық үкімет жобасын мықтап қолға алған сыңайлы.
"Қазақстанға қоғамның сұранысына сай, тиімді және әділ мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қажет. Бұл ретте ол ең заманауи технологияларды пайдалануға негізделуі тиіс", - деп атап өтті Мемлекет басшысы Жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездесу барысында.
Тоқаев әрбір дауыс естілуі тиіс деп мәлімдеді.
"Бұл үшін тиісті саяси тетіктерді дамыту керек. Нақты өңір тұрғындарының мемлекеттік шығыстарға қатысты пікірін ескеру мақсатында халықтық қатысу бюджетінің жобасы іске асырылатын болады. Ашық үкімет порталы азаматтардың маңызды шешімдерді талқылаудағы мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс", - деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, кез келген жүйенің өміршеңдігінің басты заңы - тұрақты даму мен жетілдіру.