Кеңес Одағы кезінде ана тілімізде білім беретін балабақшалар мен мектептердің жаппай жабылып, орыс тілінде оқытатын ұйымдардың саны көбейгендіктен, қазақ тілінің қолданысы кенжелеп қалғаны рас.
Алайда, тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде де ана тілін ұмытқан ұрпақтың саны азайған жоқ. Тіпті кей кезде бұл үрдіс тағы да кең етек алып келе жатқандай көрінеді.
Маңғыстау - республикадағы қазақ тілді өңірлердің бірі. Тұрғындардың 90 пайызы - қазақтар, 6 пайызы - орыстар, қалғандары - өзге ұлт өкілдері. Күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілі кеңінен қолданылады.
327 балабақшаның 14-і ғана орыс тілінде тәрбиелеп, оқытады. Соған орай балабақшалардағы бүлдіршіндеріміздің дені қазақша тәрбиеленуде (95%-ы). Тіпті өзге ұлт өкілдерінің 260 баласы осы қазақ балабақшаларына барып жүр. Орта білім беретін мектептерде де осыған ұқсас жағдай. 169 мектептің 5-еуі ғана орыс тілінде білім береді. Барлық оқушының 77 %-ы қазақ тілінде білім алуда. Әрине, бұл көрсеткіштер көңілге қонымды-ақ.
Соған қарамастан, өзге тілде сөйлеп, өз тілін түсінбейтін күйге түскен балалардың бары алаңдатады.
Қаладағы қазақ мектептері оқушыларының сыртқа шыға сала, өзара орыс тілінде сөйлесетіні қалыпты жағдайға айналғалы қашан.
Ең өкініштісі, сол - ауылдық жерлердің өзінде бесіктен енді белі шыққан балалардың ана тілінде емес, өзге тілде сөйлеп бастағаны.
Ана тіліміздің мұндай қиын жағдайға түсуіне жаһанданудың ықпалы болумен қатар, ұлттық тәрбие іргесінің де сетінеуі себеп болып отырғанын жасыра алмаймыз.
Бұрын ана тілін бесік жырымен бойына сіңірген қазақ баласы бүгінде ғаламтордың «арқасында» өз тілін өгейсіп жатыр.
Өйткені, YouTobe желісіндегі қазақ тілді мультфильмдер, аннимациялық фильмдер балалар үшін тартымсыз. Аудармасы сапасыз. Өкінішке қарай, олар орыс тіліндегі өнімдермен бәсекеге түсе алмай тұр.
Сондықтан балаларымыздың шетелдік мультфильмдерге қызығушылығы жоғары. Басқасын айтпай-ақ, ресейлік бір ғана әйгілі «Маша и медведь» мультсериалына қарсы тұрарлық өнім жоқ бізде.
Осының өзі де - балаларымыздың ана тілінің қасиетін сіңіріп, қадірін біліп өсуіне кедергі.
Ендігі жерде балалар мен жастарға арналған ана тіліміздегі отандық өнімдерді сапалы етіп шығарса деген тілегіміз бар.
Ең бастысы, есті ата-ана тамағымен қоса баласын ана тілінің уызына қандырып өсіру қажет. Әйтпесе, тіл майданында өзге тілге есеміз кете береді.
Жақында ғана өңірімізде өзім төрағалық ететін «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» Маңғыстау облыстық филиалы өз қызметін бастады.
Қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшін, алдағы уақытта аймақта 7 үлкен әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды жоспарладық. Соның бірі - білім ордаларындағы тәрбиеленушілерге арналған «Тәрбие - тал бесіктен» жобасы.
Әлеуметтік жоба ұрпақ тәрбиесі деп аталатын дарияға тамшыдай үлесін қосады деп үміттенеміз.
Аудандарымыз бен қалаларымызда филиалдың өкілдіктері де жұмыс жасайтын болады.
Осы орайда жұртшылықты, елді мекендердегі белсенді азаматтарды ұрпақ тәрбиесіндегі жұмысқа жанашырлықпен атсалысуға, бізбен бірге болуға шақырамын.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Нұржігіт Нұрболатұлы