Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында жергілікті уақыт бойынша 19:00-де Әлем Чемпионатына іріктеу кезеңіндегі біздің Ұлттық құрама үшін аса маңызды кездесу өтеді. Талғат Маруаұлы қарамағындағы қазақстандық футболшылардың қатары айтарлықтай азайып қалған. Босниялықтардың да құрамындағы ахуал аса мәз емес. Жасанды алаңның артықшылығын пайдалана отырып, жеңіске жету – көпшілік көрерменнің басты ойы, көздегені.
«Білесіздер ме, біз әрдайым алаңға ұту үшін шығамыз. Қарсыластың құрамында да негізгі ойыншылардың басым көпшілігі жоқ. Бұл біздің оң жамбасымызға келері анық, бірақ қарсылас команда халықаралық турнирлерде тәжірибесі мол команда екенін ұмытпау керек. Ойыншылардың өз-өздеріне сенімі қуантады. Егер біз өз стратегиямызды жүзеге асыра алсақ, онда бізге бірнеше мүмкіндік туады. Ол мүмкіндіктерді пайдалана алсақ, біздің жеңіске жетуіміз мүмкін. Міне, біз осы нәтиже үшін жұмыс істейміз. Біз алаңға жеңіс үшін шығамыз. Бәрін ойын шешеді», - деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов.
Біздің құрама команда сапында Асхат Тағыберген, Азат Нұрғалиев, Абат Айымбетов, Владислав Васильев, Руслан Валиуллин, Александр Марочкин, Артур Шученачев ойынға қатыса алмайды.
Олардың орынына Дмитрий Шомко, Роман Мұртазаев, Оралхан Өміртай, Айбар Жақсылықов, Айдос Тәттібаев сияқты қазақстандық футболшылар шақырылған.
Бүгін ұлттық құраманы алаңға капитан ретінде ардагер футболшы Юрий Логвиненко бастап шығады. Байсуфиновтың айтуынша, Шомко да өзін жақсы сезінетінін айтқан. Ортаңғы шепте Ян Вороговскийді көріп қалуымыз да ғажап емес. Ал қақпаны кім қорғайтыны әлі нақты белгісіз.
Ойын алдындағы баспасөз мәслихаты қарсаңында миландық «Интер» мен Босния және Герцеговина құрамасының шабуылшысы, ұлттық құрама капитаны Эдин Джеко өз пікірін білдірген еді.
«Қазақстан құрамасы біз үшін өте қолайсыз командалардың бірі. Алғашқы ойын мен олардың Украинаға қарсы ойыны олардың оңай берілмейтінін көрсетті. Командаға немқұрайлы қарауға болмайды», - деді ол.
Букмекерлік кеңселер бүгінгі кездесудегі фаворит ретінде Босния және Герцеговинаға 1,85 коэффициент, ал Қазақстан құрамасына 4,60 коэффициент ұсынып отыр. Тең есепке 3,55 коэффициент белгіленген.