Атырау облысының Махамбет ауданында бума шөп өртеніп, үш бала қайтыс болды. Ақпаратты төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
2021 жылдың 5 қазанында сағат 19:27-де кезекші пультіне Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылының Жаскеленов көшесіндегі үйдің ауласына жиналған 22 бума шөп жанып жатқаны туралы хабар келіп түскен.
Оқиға орнына №11 ӨСБ-нің өрт сөндірушілері 18 минуттан соң жеткен, өрт кешкі 23:07 шамасында толығымен сөндірілген.
«6 қазан күні 00 сағат 02 минутта Махамбет аудандық полиция бөлімінен Ортақшыл ауылында 3 кәмелет жасына толмаған баланың белгісіз жағдайда жоғалғандығы туралы хабарлама келген. Іздестіру жұмыстарына ТЖД 11 қызметкері, 3 бірлік техникасы, 2 кинологиялық есеп, полиция департаменті қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Жоғалған 2014 жылғы екі бала мен 2012 жылғы бір баланың денесі өртенген шөптің арасынан табылды. Олардың денесі сот-медициналық сараптамасын жүргізу үшін ПД қызметкерлеріне тапсырылды» делінген ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.