Қарағанды облысының Экология департаментінің экологы жергілікті өндіруші ЖШС басшылығынан табиғатқа залал келтіру суммасын азайтып беру үшін 10 млн теңге сұраған.
Эколог тексеру жұмыстары барысында экологиялық заңнамаларға қайшы келетін жайттарды аңғарған. Содан кейін осы мекеменің техникалық директоры оған пара алуға көмектескен. Екеуі мекеме басшысын көндіре отырып, «табысын» екіге бөліп алуға уағдаласқан. Бірақ мекеме басшысы пара беруден бас тартып, жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жүгінген.
Тергеу барысында ЖШС техникалық директоры өмірден өтеді. Үкім тек экологтың тарапына шығарылған. Эколог пара алғаны үшін емес, алаяқтық әрекетке барғаны үшін жауапқа тартылып отыр.
«Техникалық директор мекеме басшысын пара беруге итермелеген. Бірақ мекеме басшысы құқық қорғау органдарына хабар берген. Нәтижесінде департаменттің бас маманы мен техникалық директоры қылмыс үстінде ұсталады. Эколог ҚР ҚК 24-190 бабының 3-тармағы бойынша айыпталып отыр», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық соты.