Алматыдағы қан тапсыру орталығында ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсырғысы келген адамдар кезекке тұрып жатыр.
Бұған дейін балалар омбудсмені Аружан Саин қала тұрғындарына қан тапсыруға өтініш білдірген болатын.
« Құрметті алматылықтар! Ұшақтың құлауына байланысты барлық қан топтарының донорларынан шұғыл көмек қажет! » деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Сонымен бірге ол донорлық қызметке гепатит, бруцеллез, мерезбен, сондай-ақ жүрек аурулары, бронх демікпесі, есірткі тұтынушылар, АИВ-инфекциясы және созылмалы алкоголизммен ауыратын адамдар жарамайтынын атап өтті.
Шұғыл ақпарат бойынша, есінен танған 8 бала балалар медициналық көмек орталығына жеткізілді. № 4 клиникалық ауруханада 17 науқас өте ауыр жағдайда ем қабылдап жатыр. 14 адам оқиға орнында қаза болды.