Арман Қырықбаев «Nur Otan» партиясының хатшысы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың келісімімен Арман Қырықбаев «Nur Otan»-ның хатшысы болып тағайындалды. Оның партиядағы, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мол жұмыс тәжірибесі алдағы міндеттерді табысты іске асыруына мүмкіндік беретініне сенімдімін»,-делінген хабарламада.
Арман Қырықбаев – Қазақ мемлекеттік басқару академиясының, ҚР СІМ дипломатиялық академиясының түлегі. Әр жылдары «Nur Otan» партиясында, Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді. Ол қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры, мәдениет комитетінің төрағасы, мәдениет және ақпарат вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» республикалық басылымдары, «Қазақфильм» АҚ, «Nur Media» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы және т.б. қызметтер атқарды.
2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып, онда ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларды қадағалады. «Nur Otan» Қоғаммен байланыс департаментінің өкілі Клара Нақыптың сөзіне қарағанда, партия хатшысы ретінде Арман Қырықбаев қоғамдық-саяси бағытқа, Қоғамдық саясат институты, «Жас Отан» ЖҚ, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеу сияқты бағыттарға жауапты болады.