Белгілі ғалым, баспагер, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес «Ана тілі» газетіне сұхбат беріп, Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойы, қазіргі мектептердегі жағдай туралы өткір пікір білдіріпті.
«Ең бастысы – іздегі іс пен сөздің арасындағы алшақтық, өтірік мақтаншылық, науқаншылдық, шындықты айта алмай көлгірсуіміз дер едім. Мәселен, бірнеше жылдан бері сағызша созылып келе жатқан латын қарпіне ауысу мәселесін алалық. Құдайым-ау, Ахаңның жолына қалай ораламыз? Оның бірі араб қаріпті жазу үлгісі болса, екіншісі – латын текті жазу ғой! Отыз жыл мемлекеттік тілді дамытып жатырмыз деп есеп береміз, «пәлен жерде пәлен пайызға қазақшаландық» дейміз... Соның Сізге қандай пайдасы бар, қоғамға, туған тілімізге әсер, ықпалы қандай?!. Кеңестік кезеңді (бақандай 70 жыл) айтпай-ақ қойдық, 30 жылда еліміздегі орыс мектебін бітіріп шыққан балалардың бірде-біреуі «екі» алып, мектеп бітіре алмай, болмаса «көше алмай» қалған емес. Бәрінікі – «төрт» пен «бес». Міне, қазақша тіл сындырмақ түгіл, қазақ тілінің «біссімілдасын» үйрете алмаған мұғалімдер қанша миллион айлық ақша алды, осылардың қаншасы «істі» болды?.. Қайран желге ұшқан миллиондар, құшақ-құшақ өтірік ақпаралар, қоғамды жайлаған көзбояушылық...»