Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны жол-көлік апатының орын алуына кінәлі деп табылып, көлік басқару мүмкіндігі мен бас бостандығынан айырылды.
Екі ер кісінің өмірін жалмаған қайғылы жол апаты Семей – Өскемен жолында орын алған. 42 жастағы әйел мобильді қосымша арқылы тұрғындарды Семейден облыс орталығына тасымалдаумен айналысқан.
«Жолаушылардың айтуынша, көлік басқарып келе жатқан әйел жол бойы телефонына алаңдай берген. Жолға мән бермей, қатты жылдамдықпен алдында келе жатқан көлікті басып озбақ болған кезде қарсы келе жатқан Lada маркалы көлікпен соқтығысады. Нәтижесінде екі ер адам оқиға орынында қайтыс болған. Ал әйел басқарып келе жатқан көліктегі төрт жолаушы да түрлі дене жарақаттарын алған», - деп жазылған мәлімдемеде.
Жол апатына кінәлі деп табылған әйелдің айтуынша, ол көлік басқару құжатыны болмаса да Семей мен Өскемен қалаларының арасында жолаушылар тасымалымен айналысқан. Бұған кәмелет жасына толмаған балаларын асырау үшін барғанын алға тартады.
«Ұлан аудандық сотының үкімімен айыпталушы ҚР ҚК 345 бабының 4 тармағы бойынша кінәлі деп табылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сотталушы жазасын төменгі қауіпсіздіктегі мекемеде өтейді», - деді 156/16 мекемесінің басшысының орынбасары Дархан Биғазиев.