Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен науқастар саны күрт артқан. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен өткен Ведомствоаралық комиссия отырысында айтылған.
Отырыс барысында елордадағы эпидахуал мәселесі қозғалған. Премьер-министрдің ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, бас қаладағы жағдай мәз емес. Соңғы апта ішінде инфекция жұқтырғандардың өсімі 43 пайызды құраған. Бұдан бөлек, ауруханалардағы орындар мен науқастар санының арту қаупі өте жоғары екені сөз болды.
«Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен өткізілген отырыста қаладағы емханаларда талаптарды бұзу фактілері және коронавирус жұқтырған науқастарға сапалы медициналық жәрдем көрсетпеу фактілері тіркелгені айтылды. Сондай-ақ, мониторингтік топтардың да жұмысы әлсіреп кеткен. Бұдан бөлек, елорда халқына вакцина салу қарқыны да бәсеңдеген. Сәуір айымен салыстырғанда коронавирусқа қарсы вакцина егу қарқыны 50 пайызға дейін төмендеген», - деп жазылған Үкіметтің ресми сайтында.
Барлық кемшіліктер бойынша Тоғжанов әкімдікке бір апта уақыт беріп, орын алған олқылықтарды реттеуге тапсырма берді. Ведомствоаралық комиссия бұл мәселені бақылауда ұстап отырады.