Үндістан үкіметі мукормикоз дертіне қарсы күрес шараларын күшейтіп жатыр.
Халық арасында қара зең деп аталатын аурудың өршуіне байланысты 7 штатта эпидемия жарияланды. Қазір елде осы дертке шалдыққан 9 мыңдай науқас тіркеліп, одан 220-дан аса адам көз жұмған. Үкімет бес фармацевтикалық компанияға оған қарсы дәрі шығаруға лицензия берді.
Телеарна мәліметінше, ауруханаларда шұғыл түрде жаңа бөлімдер құрылып жатыр. Ал бұл аурудың таралуына коронавирус түрткі болған.
Мамандар оны коронавирусқа қарсы ем-домнан кейін адамның иммунитетінің әлсіреуінен дегенді айтады. Сонымен қатар оның тез таралуына жергілікті климат та жақсы жағдай жасап отыр деген болжам бар. Себебі қара зең қоздырғышына жылу мен жоғары ылғалдылық қажет екен. Үндістандағы күн райы қазір тап сондай. Ауа қапырық әрі ылғалды.
Анил Гоял, дәрігер: – Бұл жұқпалы ауру емес. Қара зең денсаулығы осал немесе өкпесі сыр берген адамдардың ағзасына қоршаған ортадан тарап кетуі мүмкін. Бірақ олар өзгелерді жұқтырмайды.