Жақын арада Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық Экономикалық Одақтың бейресми саммиті өтеді. Аталмыш саммитке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орынына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспақ.
Мемлекет басшысының саммитке не себепті қатыса алмайтыны туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
Оның айтуынша, мемлекет басшысының Санкт-Петербургтегі ЕАЭО-ның саммитіне қатысуы туралы бірнеше рет талқыланған.
Талқылаулар нәтижесінде Қазақстан атынан Елбасы бейресми саммитке қатысатын болып бірауыздан мақұлданыпты. Назарбаевтың ЕАЭО-да құрметті төраға екенін ескергендерін алға тартады.
Берік Уәлидің айтуынша, еліміздің тәжірибелік қағидаларына сәйкес, мемлекет басшысы мен Елбасы бірге шетелге іссапарға бара алмайды. Назарбаев бейресми саммитте бірқатар құжаттардың қабылдануына ықпал ете алғанымен, оған қол қою тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілетінде.