Кешегі Ақордадағы ауыс-түйіс қарсаңында Энергетика министрі болып тағайындалған Нұрлан Ноғаев бірқатар дүниелердің басын ашқан болып, ескі жараның ауызын тырнаған-ды.
Бүгін YouTube видеохостингінде Талғат Аянның министрдің айтқан сөздеріне жауап берген видеосы тарады.
«Менің есімім – Талғат Аян. 2016 жылы Қазақстанда жер митингілерін ұйымдастырғанымыз үшін 5 жылға сотталдық», - деп бастады ол сөзін.
2016 жылы 24-сәуірде Исатай мен Махамбет алаңында «Жеріміз шетелге сатылмасын! Жалға берілмесін!» деген ұранмен халық толқуы өткен. Сол уақыттарда халық арасына билік өкілі ретінде барған Нұрлан Ноғаев ешкім қудаланбайтынын, сотталмайтынын айтып, уәде берген.
«Қазір Нұрлан Ноғаев «мен уәдемде тұрдым» деп сұхбат беріп жатыр екен. Мен бұл сөзді жалған деп есептеймін. Себебі, Макс Боқаев әлі күнге дейін түрмеде отыр. Мен де екі жыл отырып шықтым. Және Ноғаев сұхбатында «олар басқа баппен сотталды» депті. Бізді 174, 274, 400-баптармен соттады. Оның ішінде 400-бап «митингіні заңсыз ұйымдастыру» үшін», - деді Талғат Аян.
Ескерту! Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 400-бабы «Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу» туралы.
«Демек, біз 24-сәуір күні өткен митингіні ұйымдастырғанымыз үшін, шақырғанымыз үшін, сөйлеген сөзіміз үшін сотталдық. Әрине, бізді Ноғаев соттаған жоқ. Сонда да «мен уәдемде тұрдым» деген жалған ақпаратты таратудың қажеті шамалы еді», - деп сөзін аяқтады ол.