Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кінәлі қызметкерлер жұмыс істейтін бөлім басшыларын жауапқа тартуды бұйырды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде полиция өз миссиясын мүлтіксіз атқарып келеді деп айту қиын. Дегенмен, басшылық қатары толығып, сапасы артқан тәртіп сақшыларын өз жұмысына мұқият болуға шақырады. Ел тыныштығын күзеткен полицейлердің көпшілігі, атап айтсақ, азаттық жылдарында 1500 қызметкер мемлекеттік наградаға ұсынылған. Өкінішіке орай, олардың 151-і қызмет барысында бақилық болыпты.
«Кейбір тәртіп сақшыларының өздері заң бұзып жататыны өкінішті-ақ. Сыпайылық, азаматтар мен қызметкер арасындағы әдеп, жемқорлық сияқты кереғар дүниелер полицейлердің күнделікті ісіне айналып барады. Сондықтан, қазір кез-келген көлемдегі заңбұзушылық министрлікте «төтенше жағдай» ретінде қабылданады», - деді Тұрғымбаев.
Соңғы жаңалықтарда да погондылардың шуы көбейіп кеткенін байқаймыз. Оралда көлік тізгіндеген полиция қызметкері бір әйелдің ажалына себеп болды. Қызылордада инспектор көмекшісі ішімдік ішіп рөлге отырған. Нұр-Сұлтанда сот қос бірдей патруль қызметкеріне үкім шығарды...
«Ішкі істер министрлігі заң бұзған қызметкерлерге қатаң шараларды қолдана отырып, жазаның бір ұшы олардың басшылығына да тиетінін ескертеді. Орал қаласындағы қайғылы оқиғамен аяқталған жол апаты үшін полиция қызметкері қатаң жазаланды. Ал ол бағынатын жауапты кісі өз орынынан алынды», - делінген мәлімдемеде.
Қызылордадағы тәртіп сақшыларының «тәртіпсіздігіне» де осындай шаралар қолданылып, Облыстық полиция басқармасына сөгіс жарияланды.
«Заңдылық пен өзі ісіне деген жауапкершілік – бәріне ортақ. Оны түсіндіру – бөлім басшыларының қызметі. Ешкімді жасырып, мүсіркемейміз!» - деді министр.