НҰР-СҰЛТАН. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның шахтерларын кәсіби мерекемен құттықтады деп хабарлайды bairaq.kz тілшісі.
Құрметті көмір өндіру саласының еңбеккерлері мен ардагерлері!
Сіздерді Шахтер күнімен құттықтаймын!
Мен кеншілерге әрдайым зор құрметпен қараймын, өйткені шахтер еңбегінің бейнеті маған жақсы таныс.
Бұл мамандық қашанда темірдей төзім мен жауапкершілікті, жанқиярлық пен қайсарлықты талап етеді. Сондықтан да сіздер қажырлы еңбектеріңіз арқылы қоғамда шынайы құрметке бөленіп келесіздер.
Көмір өндірісі біздің индустриямыздың берік негізі екенін нық сеніммен айтуға болады. Бұл саланың еңбеккерлері оны дамытуға қосқан қомақты үлестерін, өз жұмыстарының нәтижесін орынды мақтаныш ете алады.
Алдағы уақытта да отандық экономиканың тиімді өркендеуіне және елдің энергетикалық әлеуетінің нығаюына атсалыса бересіздер деп кәміл сенемін.
Сіздерге мықты денсаулық, табыс пен игілік, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!