Жұмекен Нәжімеденнің 85 жылдығына орай осынау ҰЛТ АҚЫНЫНЫҢ шығармаларын оқуды бастадық. Ақынның көркем өлеңдерін біліп оқу, сезіп оқу, түсініп оқу, түйсініп оқу ол - санаға салмақ түсіретін еңбек.
Біз бұл ауқымды әрі көркем ұлттық жобаны бастай отырып, тіліміздің соншама көркем құбылыс пен терең түйсіктерге дейін бейнелей алатын сұлу қасиетін талдаймыз. Сонымен бірге ақынның орасан қуатты шабытын, өлең сөз қисынындағы қайталанбас тәсілдерін зерделейміз. Оның әр алуан тақырыптар тұсындағы шексіз шеберлігінің шиелерін шешеміз.
«Түйдек -түйдек сөздердің
түйген жерде мәні бар.
Түйсікті ерлер жолықса
бір жалт етіп танылар»
(ЖН)
Бастапқыда күн сайын таңдаулы бір өлеңнен талдап ұсына отырып, ары қарай дыбыстық және бейне топтамалар жасау жоспарымызда бар.
Жұмекен өлеңдерімен тебіренетін оқырмандарымыз ақынның бір өлеңіне талдау мақалалар жолдауына немесе, Жұмекеннен өзі сүйген өлеңін жіберіп, талдап түсіндіруімізді сұрауына болады. Ол біздің жобамызға зор қолдау болар еді.
Жатыр жақпар...
Қарағайды
аралайды жел ескен,
Жапырақтар, жапырақтар
сыбыр-сыбыр кеңескен.
Тау сулары
таусылмады,
ынтықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі
шымшып күліп барады,
Айдалада ақ мандайлы
Алатау бір қас батыр,
Айналада тал-қайыңдар,
тал қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер
«үзілдім» дер,
баяула жел, баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер
ұйқыда ма, ояу ма?
Бар табиғат – бір тіршілік,
бір тіршілік баяғы,
Тартады ұрлап ой тамырын;
күй қанатын жаяды.
Жүз қоңырау бәрі күлкі,
бүгін-дағы, кеше де
Біздің мынау Алматыда,
күн жайлаған көшеде.
Бұл кезімдей күлемін мен,
күлеміз біз күнге ұсап,
Күн көзіндей қуат берер
айқасқанда мың құшақ.
Трамваймен жүре алмаймын,
жаяулаймын – көп қызық,
Қөп қызықты қапылыста
алмайыншы өткізіп!
Жұлдыз көрмей
күндіз көрдім,
күндіз көрем әрине,
Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де
...Жүз толқындар
бірін-бірі
тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар
бірін-бірі
шымшып күліп барады.
Міне, біздің
Алматы осы -
Алма төсі бұлтиып,
Алма-төске жас бұтаның
саусақтары тұр тиіп.
Жүрші, жаным, қыдырайық,
неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан
әперейін балмұздақ!
Бұл он бес буындық қос жол мен егіз ұйқасқа төгілген көркем өлең 12 шумақтан тұрады. Кей шумақтарда өлең жолының әр тұсы еркін ұйқасып, құйылып, құйғып түседі. Қалың қауымның Жұмекен өлеңдерін оқуға дағдысын дамыта түсуді ойлап, өлең шумақтарының арасын жіктеп бердік.
Жұмекеннің «Алматы» өлеңін алғаш оқыған кезіндегі әсер туралы Әбіш Кекілбаев былай толғанады:
«Жұрт алдына келіп, алғаш өлең оқығаны әлі есімде. Ол кезде Жазушылар Одағының позия секциясы әр апта сайын «Ақындар сәрсенбілігін» өткізеді. Тайлы-таяғымыз қалмай жиналамыз. Есік жақта май дәметкен мысықтың баласындай жылмиып-жылмиып өлеңді енді бастап жүрген жастар отырады. Әуелі әйдік ақындар жазып жатқан жаңа кітаптарынан жыр оқиды. Сосын кезек жастарға тиеді. Бірде консерваторияда оқып жүрген ашаң қара жігітке сөз берілді.
...Жүз толқындар
бірін-бірі
тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар
бірін-бірі
шымшып күліп барады.
Міне, біздің
Алматы осы -
Алма төсі бұлтиып,
Алма-төске жас бұтаның
саусақтары түр тиіп.
Жүрші, жаным, қыдырайық,
неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан
әперейін балмұздақ!..
Мінбедегі тәмпіш мұрын жігіт өлең оқып емес, зікір салып тұрғандай, жұрт соған қарай жаппай елітіп, тіл мен жақтан айырылып қалғандай. Ілгері жақта шашы дудырап, құлағы селтиіп, үздіге тыңдаған Әбу ақын: «Айналайын-ай!» деп, айқайлап жіберді. Біздің қасымызда мейіл қандырар иіс аңдыған жас бөлтіріктей ұзын мұрнын әуелете көтеріп, көзін ұясынан шығара адырайтып, еміне құлақ тосқан Қадыр Мырзалиев ләм-мим деместен тізесімен тіземді түртіп-түртіп қойды. Жастардың жаңа жинағын құрастырып жүрген Мұзафар Әлімбаев мінбеден түсіп келе жатқан бейтаныс жігітті сәл бөгеп: «Қарағым, басқа да жазғандарыңды қосып бізге әкеліп берші», - деді. Кейін, расында да, сол жинақтың нағыз інжу-маржаны Жұмекеннің топтамасы болды».
Ол залда болған кісілер бүгін жоқ. Сонда да біз сол тұстағы өлеңге - өнерге таласы бар жандардың бір азы сонда болғанын сеземіз. Әбіш жазғандай «тайлы - таяғы қалмай» жиналғанын білеміз.
Міне біздің
Алматы осы,
Алма төсі бұлтиып,
Алма төске
жас бұтаның саусақтары тұр тиіп.
Осындағы суретті ақын көңіліне ауыса отырып, санаңызда ойша сызу үшін сәл кідіріп, түйсінуге тура келер... Ал өлең ұйқасына келсек, «тұншықтырып ағады, шымшып күліп барады» деп жеті буыннан қиыстырып түсіру – өлең технологиясын мінсіз меңгерген кісінің қолтаңбасы.
Бұл - осыдан 60 жыл бұрын 1960 жылы жазылған өлең. Ақынның алғашқы жұрт алдында оқыған жыры. Өлеңдегі суреткерлігі, көркем түйсік пен тосын теңеулер тыңдағанды таң қалдырған кез.
Ақындардың көбі дерлік алғашқы өлеңдерін табиғат, махаббат лирикаларына құрады. Жастық шақ жырлары. Ол - сыртқы әсер мен ішкі түйсіктің бірігуі. Кейін Жұмекен қоғам келбеті, жан табиғаты, кісі мақсұты, ұлт мұраты тақырыптарында ешкім бармаған тосын әлемге шықты. Жанар тау атты, құбылыс жасады.
«ЖҰМЕКЕННЕН ЖҮЗ ӨЛЕҢДЕ» Жұмекен табиғатын тануға - бірге тануға; оны оқуға - сізбен оңаша оқуға құлшынамыз.
Мұндай өлең жазған кісі ол - көркем өлең жазудың көз тартар биігіне сол кезде-ақ көтеріліп болған кісі. Енді біз аса суреткер ақынның ары қарайғы ширек ғасырлық шығармашылығынан 99 өлеңін талдап бірге оқимыз.
Bairaq.kz порталымен бірге болыңыз!