Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Премьер-министр Асқар Мамин Президентке 5 шілдеден бастап қатаң карантиндік шаралар енгізілгеннен кейін, тіркелген жағдайлар 29 пайызға төмендегені туралы хабарлады. Ауру жұқтырғандардың саны тәулігіне 1500-1600 адам деңгейінде тұрақтанды. Ауруханалардың жүктемесі 43 пайызға, оның ішінде реанимация бөлімшелері 27 пайызға төмендеді. Сауығып кеткендердің саны 63 пайызға дейін өсті, жедел жәрдем шақырулары азайды. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін ауыртпалықтың негізгі көрсеткіштері азайтылды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президентке инфрақұрылым нысандарының эпидемиологиялық жағдайға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жеңілдету тәсілдері туралы хабарлады.
«Шілдеде енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі жақсарту үшін және Қазақстан мен көршілес мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантиндік шараларды екі аптаға ұзартуды, содан кейін кезең-кезеңімен жеңілдетуді тапсырды», - деді Ақорда хабарламасында.