НҰР-СҰЛТАН. BAIRAQ.KZ - Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту туралы айтып берді.
М. Такиевтің айтуынша, Қазақстанда МЖӘ дамуы 2006 жылы «Концессиялар туралы» заңның қабылдануынан бастау алып, 2015 жылы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңның қабылдануымен қарқынды түрде дамуын бастады.
Осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша құны 1,29 трлн теңгені құрайтын 565 шарт жасалды. Солардың ішінде 9-ы — ресбпуликалық және 556-сы — жергілікті жобалар. Құны 1,89 трлн теңгеге тең 620 жоба дайындық сатысында.
«Жобалардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, мәдениет және спорт салаларына келіп тұр», — деп нақтылады вице-министр.
Білім беру саласында көбіне МЖӘ тетіктері арқылы балабақшалар салынып жатыр. 4 жылдың ішінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне деген ащы тапшылық республика бойынша жабылды деуге болады. Бүгінде МЖӘ тетігі арқылы 29 мың орынға шақталған 219 балабақша жұмыс істеп тұр.
2016–2019 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында студенттер үшін Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында жатақханалар салу жобалары жоспарлануда.
Сонымен қатар колледждерді сенімгерлік басқаруға беру бойынша және жазғы лагерлер желісін кеңейту бойынша тетіктер әзірленуде. Осылай Білім және ғылым министрлігі аталған тетікті қолдану арқылы 2023 жылға дейін жазғы уақытта шамамен 500 мың бала демалатын, лагерлер санын 236-дан 1000-ға шейін жеткізу жоспарлануда. МЖӘ аясында мектептегі тамақтануды ұйымдастыру мәсепесі сәтті шешілуде, Ақмола облысында мектеп асхасын сенімгерлік басқаруға беру бойынша 21 шарт жасалған, іске асырылуы бойынша әртүрлі сатыдағы ұқсас жобалар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігімен МЖӘ аясында онкологиялық ауруларға медициналық жабдықты сатып алу жүргізіліп жатыр. Жалпы, денсаулық сақтау секторында жобалардың кең ауқымы бар. Медициналық мекемелер, амбулаториялық клиникалар, медициналық техникалар сатып алынуда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы салынып, жаңартылып, пайдаланылуда.
Перспективалық бағыттардың бірі — спорт саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін дамыту. Өңірлерде спорттық нысандар ашылуда, 48 келісімшарт жасалды. Мысалы, жекеше серіктестер спорт мектептеріне спорттық объектілер үшін бұрын өндірістік алаңдар болған үйжайларды жалға береді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қалалық көгалдандыру бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары тираждалатын болды, трендті бастаған Алматы қаласы. Осындай жоба Атырау қаласында бастау алайын деп жатыр.
Бұдан өзге, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес тарифтер, ақылы қызметтер және басқа да нарықтық құралдар есебінен инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ете отырып, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында және инфрақұрылымдық жобаларда мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жандандыру жұмысы басталды.