Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің жастар ынтымақтастығы форумы аяқталды
ҚОСТАНАЙ. BAIRAQ.KZ - 2019 жылдың 20-21 мамыр аралығында Қостанай қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан мен Ресейдің жастар ынтымақтастығы форумы өтті деп хабарлайды тілшісі ҚР премер минситрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі күннің ішінде Қостанай еріктілердің астанасына айналды. Форумға қатысу үшін Қостанайда барлық Қазақстаннан және Ресейден 1000-нан астам еріктілер жиналды. Бұл азаматтарға қарап, еріктілердің қолдарынан келмейтін іс жоқ екен деген ойға келесің. Себебі олардың бойындағы энергия мен позитив ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Екі елдің жастарының қатысуымен өткізілетін іс-шаралар дәстүрлі болып табылады және жыл сайын достық қарым-қатынастар желісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл жолы іс-шара еріктілікке арналып, қазақстандық-ресейлік жастардың шекарааралық ынтымақтастығын талқылау, жастар саясатының үдерістерін жетілдірудің тиімді механизмдерін дамыту және аймақтағы еріктілер инфрақұрылымын дамыту үшін маңызды алаңға айналды.
Форумның екінші күні іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Сонымен қатар, іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ресей Федерациясының Президент Басқармасының өкілдері, Ресей Федерациясының жастар істері жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Александр Бугаев қатысқан болатын.
Министр Дәурен Абаев екі елдің жастарына арнап сөйлеген сөзінде бүгінгі кең ауқымды форум Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев жариялаған Жастар жылының арқасында өтіп жатқанын хабарлады.
«Маған әр жерде осы Жастар жылына қатысты сұрақтарды қойып жатады. Расымен де Жастар жылының міндеті қандай болмақ? Мемлекет жастарды қолдайды ма, әрине, қолдайды. Керісінше, тәуелсіздік алған жылдардан бастап жастар ел саясатының бел ортасында жүрді. Тіпті, қиындығы мол тоқсаныншы жылдары Елбасы «Болашақ» бағдарламасын ашып, жастарға жол ашты. Қазір осы бағдарламамен оқып келген жастар елдің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жатыр. Бұл Сіздерге үлгі болуы тиіс».
Министр еріктілік жобаларын қолдайтынын жеткізді. Себебі, бүгінде қоғамның жүйелі түрде дамуы үшін де еріктілер қажет.
«Мәселен, ұлтымызда «Асар» деген әдемі дәстүр бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Кез келген адамға көп болып, жұмыла көмектесу қай заманда да болған. Осы үрдісті тоқтатып алмауымыз керек.
Бүгінгі күні Қазақстанда 222 еріктілер ұйымы жұмыс істейді, олардың 50 мыңнан астам белсенді қатысушысы осы даңқты дәстүрді жалғастыруда», - деп түйді Даурен Абаев.
Пленарлық мәжілістен кейін бірден әлеуметтік, медициналық және корпоративтік еріктілер бойынша пікір алмасу болды. Сондай-ақ, министр Дәурен Абаеваның қатысуымен Тобыл жағалауында ұйымдастырылған «ECO-challenge Qostanai» финалдық кезеңі ретінде эко-сенбілік жұмыс өтті.
Екінші күні форум аясында Қазақстан мен Ресей Федерациясының жастар ұйымдары арасында меморандумдарға қол қою рәсімі өтті.
Атап айтқанда, Қазақстан жастар конгресі мен Ресей жастар одағы арасында, волонтерлік қызмет саласындағы ынтымақтастықты дамыту, Республикалық бірыңғай "Жас ұлан" балалар және жасөспірімдер ұйымы мен Бүкілресейлік «VOLUNTEERS VICTORY» қоғамдық қозғалысы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.