Мәжіліс сайлауында шет мемлекеттерде жүрген 12132 қазақстандықтың 8800-і немесе 72,54% дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері жанынан 62 шет мемлекетте сайлаушылардың жалпы саны 12132 адамнан тұратын 77 учаскелік сайлау комиссиясы ашылды.
Қазіргі уақытта шетелдегі барлық учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысын аяқтады. Дауыс беруге 8800 ҚР азаматы қатысты, бұл дауыс берушілердің 72,54% құрады», - делінген министрлік ақпаратында.
Айта кетейік, Сан-Францискода ашылған сайлау уческесі жұмысын бүгін таңертең аяқтаған болатын.
Қазақстанда Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау кеше, 19 наурызда өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше электораттың 54,19% дауыс беруге келді.
«Еуразиялық интеграция институты» ЖШС жүргізген Еxit poll нәтижесі мынадай: Amanat партиясы – 53,46%, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,52%, Respublica партиясы – 8,9%,4, Қазақстан халық партиясы –6,25%, «Байтақ» жасылдар партиясы – 3,22%, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 7, 87%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,31%. Қалған 4,47% респондент «бәріне қарсымын» бағанын таңдаған.
«Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы қоғамдық бірлестігі ұсынған Еxit poll нәтижесі: Amanat партиясы – 53,33%, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 11,26%, Respublica партиясы – 8,33%, Қазақстан халық партиясы – 6,93%, «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,51%, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,87%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,12%. Бірлестік мәліметінше, сайлаушылардың 54,83 пайызы дауыс беруге келген және оның 3,65 пайызы «Бәріне қарсымын» бағанасын таңдаған.
«СОЦИС-А» кешенді әлеуметітк зерттеулер институты жүргізген Еxit poll нәтижесі: Amanat партиясы – 54,42%%, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,21%, Respublica партиясы – 8,79%, Қазақстан халық партиясы – 6,89%, «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,17%, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,21%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 4,91%, «Бәріне қарсымын» - бағаны - 4,4%. Сауалнамаға 312 мың сайлаушы қатысты.