Коронавирус инфекциясына қатысты мемлекет тарапынан қолданылып жатқан шаралар – кәсіби екшелген әрі уақытылы қадам. Бұл туралы Сенат төрағасы Дариға Назарбаева айтты.
«Бұл шаралардың уақытылы екенін, қажет екенін әрі дұрыс екенін айтқым келеді. Біз алдын алу жұмыстарын жасап жатырмыз. Мемлекеттің мақсаты – азаматтардың өмірін сақтап қалу, экономиканы тұрақтандыру және нарықты реттеу. Жылдамдықты азайтуға болмайды», - деді ол.
Оның айтуынша, әрдайым азаматтардың жұмыспен қамтылуы және жалақысы басты назарда болуы тиіс.
«Төтенше жағдай мен карантин жұмыс белсенділігінің төмендеуіне алып келері сөзсіз. Көптеген адамдар тек жұмыссыз емес, өмір сүруге қажетті дүниелерсіз қалуы ықтимал. Біз Алматы облысында тұрып, Алматы қаласында жұмыс істейтін азаматтардың жағдайын білеміз. Олардың жалпы саны 500 мыңға таяу. Оған отбасы мүшелерін қосыңыз. Бұл мәселеге мемлекеттік органдар мен депутаттар тарапынан жөнді шешім шығару керек», - деді Назарбаева.
Дариға Назарбаеваның айтуынша, эпидемиямен күресу үшін еркіндік пен шешім қабылдаудың жылдамдығы, қауіпсіздік қажет.
Сенат отырысында аппарат пен депутаттар инфекциямен күресу үшін бір күндік жалақыларын аударуға шешім қабылдады.