Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұсынылып отырған тұжырымдама жобасының мақсаты – әрбір азаматтың білім алуына қажетті жағдай жасау. Яғни балабақшадан бастап университетке дейінгі оқытудың барлық деңгейінде сапалы білім алуға мүмкіндік жасалуы тиіс. Құжатта барынша жоғары мақсаттарды көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған. 2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізетін болады», - деді Ә. Смайылов.
Осы орайда Үкімет басшысы ата-аналар білім беру жүйесіндегі «жан басына қаржыландыру» қағидаты бойынша кез келген балабақшадан орын таңдай алатынын айтты.
«Сонымен қатар, құжатта Балалардың амандығы мен әл-ауқаты индексін және интерактивті картасын іске асыру іс-шаралары көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектептерде жайлы және қауіпсіз орта құру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын жақсарту үшін «Мобильді мұғалім», «Оқу үлгерімі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы», «Қамқор отбасы» жобалары енгізіліп отыр», - деді Премьер-Министр.
Басып шығару