Мемлекеттік стипендиялар Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің 75 қайраткеріне тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының 2019 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларын табыс етті.
Мемлекеттік стипендиялардың жыл сайынғы тағайындалуы мәдениет және өнер қайраткерлеріне, әртістер мен жас таланттарға мемлекеттік қолдаудың, сондай-ақ олардың қазақстандық мәдениеттің дамуына қосқан үлесін мойындаудың және оны әлемге танытудың айғағы.
Тұңғыш Президент - Елбасының стипендиясы қазақ әдебиеті мен өнерінің шеберлері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қайрат Байбосынов, Жүрсін Ерманов, Меруерт Өтекешева, Александр Гаркавец, Гулвира Разиева және басқаларға берілді.
Сондай-ақ, жас таланттарға мемлекеттік қолдау көрсетілді, оның ішінде Канн халықаралық кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова, актриса Айнур Рахипова, балет әртісі Бақтияр Адамжан, ақын Қанат Омаров, дәстүрлі музыкалық өнердің әртісі Медиғат Манапов, кинорежиссер Фархат Шарипов бар.