ҚҰРМАНҒАЗЫ «БАЛҚАЙМАҚ»
Өкпеле, не тілде,
болады жан қилы.
Күрең шай бетінде
балқаймақ қалқиды.
Жас болса қонағың,
болса өзі өнерлі,
ұмытпа, қарағым,
қыз болу дегенді.
Әуелі шай ұсын,
құя алсаң – жетеді,
Сөз таппай майысып,
ұялсаң – жетеді.
Кірпікті төмендет,
Сәл қызар – жетеді;
дәл осың өлең боп
күйдіріп кетеді.
Сал шайды күп-күрең, –
Жантайса қонағың.
Ал, ондай «мықтымен»
Сағырақ бол әрі.
Қолың аз именіп,
құй әлгі...
кесені.
Бәрі де күй болып
туады деседі.
Ойдың да тосыны-ай,
содан соң... білсін кім.
Осылай, осылай
Өзін бір күрсіндір –
жаман ба, сыр бүгіп
кетсе ішке от жанар.
Тым құрса бір жігіт
мұңайып аттанар.
Өкпеле, не тілде,
бар дейді жан қилы.
Күрең шай бетінде
балқаймақ қалқиды.
Жас екен қонағың,
ал, өзі өнерлі.
Ұмытпа, қарағым,
қыз болу дегенді....
***
Бетінде қаймақ қалқыған күп-күрең шай исі кеңсірігіңді жарып, ып-ыстық кесе ерніңе тиеді. Ерніңе енді тимей тұрғаны жұқа жүзіне қан жүгіріп, сәл ұялып қымсынған қыздың беті. Оның ыстық лебі, жұқа-жұмсақ күй үніне жүктелген демі.
Сіздегі әсер әлде күй, әлде өлең... Құрманғазының «Балқаймақ» күйін тыңдап отырған ақын түйсігі осылай түйеді.
«Бүгін дүниежүзі әдебиетінде үлкен үрдіске, жастар арасында модалық ағымға айналған біздегі постмодернизмнің бір басы Жұмекенде.
Сөз бен музыка, нәзік лирика мен ащы ирония, сюрреализм мен философия, психологизм мен драматизм оның поэзиясын көп өрімді дырау қамшыдай синкретті өнер деңгейіне жеткізген.
Өнердегі синкретизмнің басты теоретиктері Спенсер, Шерер сияқты философтар, Веселовский, Марр сияқты академиктер Жұмекен өлеңдерін көрсе жерден жеті қоян тапқандай қуанары хақ».
Жұмекенді терең талдаған бір ауқымды мақала осы — Ұлықбек Есдәулетке тән. Біз бұл мақаладан сөзімізге дәйек үшін үзінді алдық.
Сөз — Жұмекен жырдағы постмодерн туралы ғой. Егер әдебиеттің, оның ішінде өлеңнің модерні — адамның ішкі сана ағынындағы болмысты жазу болса, онда Жұмекен санадан да арман түйсіну әлемінің түбінде — күй үнінде жатқан толқу жиіліктерін сезеді; соны сөзбен ұстайды және одан осыншама өлең шалқытады. Ендеше, «Күй кітабына» сипат бергенде посмодернизмнен гөрі бұлыңғыр, бұдан гөрі тереңірек әдеби ағым туралы айту керек сияқты. Сіз осы кітаптағы «Қызылқайың» күйі туралы өлеңге қараңызшы,
«Қимыл кірді бар алапқа,
Көз үйренді әрең бұған.
Қөлеңкелер – қара қатпа
Жүгіреді қараң-құраң.
Содан кейін... тынды тағы –
Көлеңкелер қалды қатып.
Қозғалды тек бір бұта, әне,
Жапырағын сылдыратып.
Тек сол қайың изеп басын,
Түсінгендей түн сырына –
Түрмелердің бір қақпасын
Ашып кетті күйші мына.
Тағы тыныш, тағы айнала
Үнсіз күйін тартады үдеп.
Шығыстағы арай ғана
Бір үмітке артады иек.
Дәл осы сәт жырланады,
Жырлаған жан ұтады да...
Қызылқайың бір қарады
Ауырлаған бұтағына...»
Жұлдызды түн, қашқын, қараңдаған көлеңке, жапырақ сыбдырымен жан дүниеде жаңа туып келе жатқан күй иірімдері, күй салмағымен майысқан бұтақ.
Оған қоса жүз жылға шегініп барып: «Дәл осы сәт жырланады, жырлаған жан ұтады да» деп, өз сұлбасын қоса қызықтап тұрған ақын. Бұл жаңағы постмодерннің төрт қат түбінен тартады — терең түкпірде үн, содан кейін сана, тағы бір қатпар түн, табиғат, ал біздің қолымыз қармайтын тұс ол — қаймақ қалқыған күрең шай сияқты өлең қабаты.
Айтпақшы біз «Балқаймақты» талдайық дегенбіз. Осы өлеңдегі ұлттық бояуға қараңыз, оны оқып отырып қазақтың шай құю салтын, қазақ қызының сипатын, мінезін, бар болмысын тамашалап өтеміз - бірде күйдің көзімен, бірде өлеңнің сөзімен қараймыз.
Құрманғазы күйлерінен тек азап пен айқас қана емес, адамдық өмірдің биік сезімдері мен махаббатына құрылған тұстарын да жиі көресің. Біз «балқаймақ қатқан шәйға әлі қанған жоқпыз». Құрманғазыға — оның күйлеріне жүз жылдан соң өлең қосқан Жұмекен жаңағы «Балқаймақ» күй өлеңіне лирикалық әсердің әшекейін әдемі қадайды.
Өлең әдетте сирек кезігетін алты буынды жолдардан тұрады: шып-шымыр қисын, жұп-жұмыр ұйқас. Ұлт өмірінің бір үзігі: қазақ қызының қаймыққан, иілген, үлбіреген қимыл-құбылысы сиқыр күй мен сұлу өлең жарысының ортасында көзге ілігеді.
Жұмекеннің бір өлеңінде:
«Ей, күйші дос!
Сенің еркің – шертем десең өзің біл,
Менің еркім қалай ұғам: қайғырам, не серпілем...», - дейтіні бар.
Айтса да, Құрманғазы күйін тыңдаған Жұмекен күй түсінуді өзінің санасында жылт еткен сәулеге бағыттайды. Мұндай көркем лирикалық күйлер Құрманғазыда, Дәулеткерейде, Динада, кейінгі күйшілерде де жеткілікті.
Сондай көркем күйдің бірі – Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйері».
«Үлгі болса-ау өңге бір,
тағы мені жүр сынап:
жұрт көзінше жеңгені
ұялтпап ем шымшылап.
Тыңдамадым мен оны,
Сыйламадым сөзін шын.
Ұялғаны әдемі,
Ұялтпаймын сол үшін.
Жылылықтың адамға
Жарасарын ұққалы.
Әдемірек одан да
бие сауа шыққаны».
Бұл – «Жеңгем сүйер» күйінің тілі. Жұмекен ақын ұққан тіл. Күйді тыңдап отырған ақынның сезімі, тебіренісі. Қазақ қызының «Балқаймақ» күйіндегі әдеп-ибасымен қоса бұл өлеңде қазақ әйелінің болмысын көрсетеді. Осы сияқты Динаның «Әсем қоңырында» да үлкен көңілмен, махаббатпен, сүйіспеншілікпен тебіреніп отыратын өлеңге тап боламыз.
Динаның «Бұлбұлы» жайлы аңыз басқа да, Жұмекен өлеңіндегі сезіну мүлде басқа. Жұмекен ол аңызды білді-ау, бірақ келіспеді, “Бұлбұлды” өзінше тыңдап, өз түйсінуін көрсетті. «Бұлбұл» күйіндегі шырқап тұрған құйттай құс. Дәл осы ақын тіркестерін кейінірек бүгінгі бір ақын Роза Рымбаеваға арнаған өлеңінде қолданып жүргенін байқадық.
Маған десең бір күнде – сан масайра, қайрат тап,
қалам десең бұлбұл боп – сайра, сайра, сайрап бақ.
Ұғынбасаң, титтей құс,
бар бақытың – көмейде,
Тілімді алсаң сөйт, байғұс,
Көмей сені демейді.
Кейде Жұмекен ақынның өлең бағынан әркім үзіп алып, бір-бір гүлден меншіктеніп әкетіп жатқан сияқты сезімдер де болады бізде.
Ал «Саржайлау» күйіндегі Жұмекен сезімдері тым әріге кетеді, сонау Тәттімбет заманындағы дала тұрмысының ең қарапайым, ең ежелгі этнографиялық бояу-үлгілерін салып өтеді.
Жазғы жайлау
Ағаштардың бойын жұлқып тебіскен,
Білеу-білеу тамырлармен қан тарап;
Жабайы өскен көкшілдеу бір жемістен,
Әже барып алып келді нән табақ.
Бәрі де ұқсас «Сары жайлаудың» сазына,
Аппақ-аппақ гүлге толы түкпір-түп.
Қайыс белді жібісін деп азырақ
Шаруақор жоқ кеткендейін сүт бүркіп.
Қысырақтар сүйіседі шыңғырып,
Қазығынан айналады қай құлын.
Жігіт үшін – қыз жанары тұр күліп,
Кемпір үшін – құтылмайтын қайғы бұл.
***
Қышқыл жусан;
бауырсақтың дәмді исі –
балалардың жадыраған қабағы.
Жарлы байғұс,
Мұрыныңмен қаңғисың,
ауызыңа түсетіні – шамалы.
Кешір, достар!
Ескі сурет осылай,
(ал, күй деген жаңарған да жоқ әлі.)
Көркем десең көне орныңды шошымай
«Сары жайлауды» бір тыңдасаң болады.
Жұмекеннің ойынша: күй туғанда осындай ескі сурет әсер еткен көрінеді. Күй ескі - өлеңдегі сурет те ескі. Күй жаңармаса, сурет те жаңармауы керек сияқты.
***
Күзгі жайлау
Қайыңның шашы сиреп...
күз боп қапты,
тырна келіп аспанға тізбек тақты.
Жалғыз уыс көк шөпті кәрі саулық
қалың ағаш түбінен іздеп тапты.
Жүдеулікті уақыттың белгісі ғып
Жарлы бала суыққа тоңды үсігіп.
Мұңаяды қайыңдар,
қайтеді енді
төбе-шашын берген соң желге ұшырып.
***
Көне сурет– күй сазы!
Таста!
Болар!
Жо-жоқ, бәрі бір кезгі бастамалар.
Сен де самай сиресе – өкпелеме,
әдеті ғой мезгілдің шаштан алар.
Бұл күйлерден ақын шынымен де этно-архо, ескі жәдігерге тән сурет көреді және оны бояумен емес, сөзбен кескіндейді.
Жалпы «Күй кітабында» - Құрманғазыға арнаған біраз өлеңдер топтасынан лирикалық поэма түзіледі. Паганиниге де солай ол да лирикалы, желілі поэма. Соның бәрі жетпістен астам өлеңнен тұрады. Бұл шынымен де өлең әлемінде өзге ешкімде жоқ жалғыз кітап. Аналогы жоқ жәуһар.
Біз келесі кезекте «әнұран» орнында тартылған - КҮЙ ҰРАН «САРЫАРҚАҒА» соғамыз. Алда алпыс өлең, «Вairaq.kz» порталымен бірге оқыңыз.
Басып шығару