ҚҰРМАНҒАЗЫ «АЛАТАУ»
Алатау, деймін,
Алатау деймін...
Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып, Алатау,
Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып, Алатау.
Шыңы болсаң – жанды да ұқпай шығандаған
шығарсың.
ұлы болсаң – жаңғырықпай тұра алмаған шығарсың,
Мұнар басқан қар шыңдарың – тыйылғаның болды ма,
сол мұнардан аршылғаның – жымиғаның болды ма,
Тыйыла алсаң, неге адымдап жүре алмайсың, Алатау,
жымия алсаң, неге ағындап күле алмайсың, Алатау.
Аталы ер, сен! тұйық қарап сонша күні төменге,
Жата берсең ұйып қалар қаншама ұлы денең де.
Сүгіреттей сұлулықтың киіп алып атағын,
Қыбыр етпей қыңыр шыңдар әлі қанша жатады?!
Сені демеп «бата беріп» қанша түн мен күн кетті,
Неге керек жата беріп ұлылықты міндет қып!
Салып қалсаң – өз бетің жоқ – тасқа тидім
нән шыңдар,
Жаңғырықтан өзге түк жоқ, босқа тұрған жансыңдар.
Тербетейік көгіс тасты –
Тартыс керек, жел керек,
кел, кетейік, қол ұстасып,
кетейікші кезбе боп!..
Алатау, деймін,
Алатау, деймін...
***
Құрманғазының «Алатауы» басқа күйлерінен мүлде өзгеше сөйлейтін, өзгеше салмақ пен толғаныс тұнған күй. «Сарыарқа» немесе, «Адай» сияқты ат жалы - тізгін ұшында ширығып, кең даланы шаңға бөктірген айқас-тартыс емес. Соншама мұңлы, соншама сабырлы, бүкіл ғалам қасіретін өз үстіне төңкергендей толқынды күй. Бұл — оған зер салған тұста күй тыңдайтын дағдысы бар әр қазақтың көңіліне тұратын әсер әрі сол түйсіктің тілсіз түйіні. Ал, мынау өлең сол түйсікті сөзге көшіріп, нақтылай түседі.
Жұмекен осы күйді өлеңмен ойлағанда - ондағы мұңды, қасіретті, үмітті, арманды, өкінішті, қайғыны күй тілінен сөз тіліне аударғанда өзі де күйшімен әлде, «Алатаумен» теңесіп отырады. Өзі деймін-ау, Құрманғазыны - күй тартқан кісіні Алатаумен тең биіктікте көреді.
«Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып, Алатау,
Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып, Алатау.
Шыңы болсаң – жанды да ұқпай шығандаған
шығарсың.
ұлы болсаң – жаңғырықпай тұра алмаған шығарсың».
Бұл – күйшінің Алатаумен диалогі. Алатаумен сырласу, серттесу сияқты сезім.
«Мұнар басқан қар шыңдарың – тыйылғаның болды ма,
сол мұнардан аршылғаның – жымиғаның болды ма,
Тыйыла алсаң, неге адымдап жүре алмайсың, Алатау,
жымия алсаң, неге ағындап күле алмайсың, Алатау».
Осы жерде күйші таумен емес, тағдырмен, тау кейіпті құбылыспен сөйлеседі.
Енді сіз күй сөйлеткен өлеңді қоя тұрып, күй үніне қайтып бір құлақ салыңыз:
Алатауды орнынан тұрғызарға құлшынады. Шөгіп қалған абызын «адымдап жүрсе, арындап күлсе» екен деп, толқыта тартқылаған шарасыз кісі көзге елестейді. Тау орынында әлде тау кейіпті ұлы аңсары, әлде халық, ұлт, ел ұғымы ауысып тұрғандай.
«Аталы ер, сен! тұйық қарап сонша күні төменге,
Жата берсең ұйып қалар қаншама ұлы денең де.
…
Сені демеп бата беріп, қанша күн мен түн өтті...».
Біз дұп-дұрыс түсініппіз. «Аталы ер сен, жата берсең» деп, басы ұйқаспен бастаған жолдарда «Қанша ұлы болсаң да, жата берсең ұйып қаласың, Аталы ер, сен! қанша күн мен түн өтті» деп, күй күңіренеді. Күй мұраты тау көтермек — бір сиқыр рухпен Алатауды жетектеп кең далаға алып кететуге тапынады. Алатау оянатын секілді: «Алатау деймін, Алатау деймін!»
Жұмекеннің де ой-сана, ұлттық ұстаным жағынан кемеліне келген шағы осы жылдар. Біз осы жобаның ең бірінші мақаласында ақынның жас шағында жазған «Алматысында»:
«Айдалада ақбоз мінген Алатау бір ақ батыр,
Айналада тал-қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр», —
деп көркем, желпінген өлең жазатын көңілді ақынды көргенбіз. Ендігі бұл тұста тау мұңын, таудай ауыр мақсұтты өзінің көкейіне көшірген, өзі де, сөзі де теңдессіз салмақ алған кезі. Таудай мұң, таудай мұрат деген не? Ол – ұлт бодандығының мұңы, бостандығының мұраты.
Жұмекен біршама өлеңінде Алатау аты аталады. Жастық шақта – тау көрініс, көркем биіктік әсері болса, «Алатау» күйіне арнаған өлеңнен бастап ол – ішкі дүниесіндегі мақсұт биігіне айналады. Алатау туралы «Тепе-тең» өлеңінде былай деп келеді:
«Ей, Алатау, саған бұл
не болды жер бауырлап?
Бұлты қонып ғаламның
жатырмысың ауырлап?!
Сұрқың сынық бір түрлі,
күлдей сұрғылт қар түсі.
Ауырласаң, бұлтыңның
маған-ақ арт жартысын.
Көрмейінші мен сені
көңілсіз бұл кейіпте.
Не басса да еңсені –
бөліп көтерейік те».
Бұл – Жұмекеннің соңғы өлеңдерінің бірі. Дәл осы өлеңінде Жұмекен Алатауды түсініп, оның мұңын бөлісе көтергісі келеді. Уақыттың бұлты басып, шөгіп бара жатқан Алатауға қатарласып, оған түскен салмаққа арқаны тосқан шағы. Жұмекеннің көңіліндегі біз аңғарған Алатау – оның халқы, Отаны, оның арман-мұраты деп айтқанымыздай, бұл өлең — соның еңсесін көтеру үшін, оны орыныңнан тұрғызу, арындатып күлдіріп, адымдатып жүргізу үшін қолымнан не келеді деп жан ұшыра соққан жүрек соққысы. Айтпақшы, Жұмекеннің өз шығармашылығы мен өз өлеңдерінде рухқа, биік ой мен шек жоқ шеберлікке қанағат еткен кезі осы уақыт. Әйтпесе, өзін Алатаумен қоса суреттеген өлеңін «Тепе-тең» деп атамас еді.
Құрманғазы жасаған уақыт ол — қарсыласу заманы. «Алатауында» Құрманғазы күйі таумен сырласса, таудай халқымен мұңдасса, қозғалуға шақырса ол күйшінің жасаған дәуіріне жарасып тұр. Домбыра дауысында қалған сол сөзді жүз жылдан соң - ұлттың жаны жасып, шалғыны жапырылған уақытта тек Жұмекен ғана жалғады. «Алатау» да, «Тепе-тең» де дәл солай. Құрманғазы күйлерінің шабыты мен айтар ойын ақын өз жүрегінен іздейді:
«Азулы үн аңдағанның қаусатты ішін,
шаншып кеп сезді жүрек саусақ күшін.
кірсе егер құлағыңа,
күй әлемін
не жек көр, не бір затты аңсап түсін».
Ақын «Адай» күйіне арнаған сұрапыл өлеңін осылай аяқтайды. Ендеше, мынау тау толқытқан күй — мұңлық домбыра дауысы да жұмекен жүректің шерін шайқағаны анық.
Алатау деймін!
Алатау деймін!
Басып шығару