«Маска жоқ»: Тізімдегі дәріханаларда да маска түгесілді


Әлеуметтік желіде «дәріханада маска жоқ» деп алаңдаған халық қарасы көп. Алматы қаласы карантинге жабылар тұста ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қаладағы аудан арасында арнайы тағайындалған дәріханалар тізімін жариялаған. 

Десек те, бұл шара көңіл көншітпей тұр. Бүгін таңертеңнен бері тізімде көрсетілген бірнеше дәріханаларға телефон соқтық. Қоймасында медициналық маска бар аптекалардың санын саусақпен санап алуға болады. 

Көпшілігі телефонға жауап беруге салғырт қарайтыны байқалды. Бірнеше мәрте безектеген тұтқаны көтеруге, бәлкім, дәріханадағы сатушының немесе арнайы маманның қолы босамаған шығар. 

Қош! Дәріханалардан тұшымды жауап ала алмаған соң ҚР Денсаулық сақтау министрлігі құрған арнайы штабтың нөмірін тердік. Бірнеше қоңыраудан соң ғана оператор дауысын есту мүмкіндігі туды. Оңтүстік шаһардағы мәселені жеткізіп, себебін сұрадық. 

«Біз бұл туралы білмейміз. Алматы қалалық Денсаулық сақтау департаментіне хабарласыңыз», - деді оператор. 

Басымызды амалсыздан бір шайқадық та, департамент нөмірін тере бастадық. Қызығы – бір-біріне сілтеу мұнымен бітпепті. 

«Жоқ дей ме не?! Онда сіз Фармация департаментіне хабарласыңыз. Біз тек телефон нөмірін береміз», - деп тағы да жөн сілтеді оператор. 

Масканың машақаты мұнша күрделі боларын кім білген?! Шешінген судан тайынбас. Мәзірде жедел Фармация департаментінің нөмірі теріле бастады. Тұтқа көтерілмеді. 

Енді кімге хабарласа аламыз?! Ел талап етсе, ескерілмейтін дүние жоқ. Мыңдаған адамның талап-тілегі арқылы жарияланып отырған осы материал маска саудасын тағы бір тексеруге мұрындық болар, бәлки?! 

Europharma ЖШС сауда желісі бойынша бірнеше ауданда маска сатылымда. Сондай-ақ, «Садыхан» дәріханалар желісі бойынша да бірқатар нүктеде маска бар екен. Бұл – халықты қамтамасыз етуге жетпейтін көлем. 

Айта кету керек, маска болуы ықтимал дәріханалар баршылық. Тек көпшілігі телефон тұтқасын көтермеді. 

Сіздерге инфекция жұғуы ықтимал жерлерге бармауға, гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға, егер күдікті жағдай орын алса жедел жәрдем шақыруға кеңес береміз. 

Сондай-ақ оқыңыз

Пікір қалдыру