Өзбекстан билігі Қазақстан мен Тәжікстанда оқып жатқан студенттерін елге оралуға шақырды.
Қазір Шымкент қаласында 15 мыңнан астам өзбек студенттер оқиды. Бүгінде жүздеген студент құжаттарын алып, елдеріне қайтқан. Мемлекет оларды жоғары оқу орындарына ешқандай емтихансыз қабылдамақ.
«Мен қазір ғана транскрипті алдым. Енді үйге барып, мемлекеттік жоғары оқу орынында оқимын. Бұл мен үшін жақсы мүмкіндік болды, өйткені, үйге барып қайту мәселесі қиын еді. Өз еліңде оқығанға не жетсін», - дейді Шымкентте оқитын өзбекстандық студент Табассу Жуманазарова.
Мұғалімдер қолдарынан келген әрекетті жасауда. Дегенмен, құжаттарын алуға өтініш білдірген көрші ел жастарының саны сәт санап өсуде. Транскрипт алу үшін студенттің қарыз сабақтары болмауы тиіс. Ал кейбір студенттер түгел құжаттарын алып кеткісі келіп отыр. Деканат бұл өтінішті қабылдамайтыны белгілі.
«Бізде 7 мыңнан астам студент бар. Алғашқы күні студенттер көп келді. Біз мұндай ажиотаж болады деп күтпедік. Біз қазір тек транскрипт беріп жатырмыз. Өйткені, Өзбекстандағы ЖОО оларды қабылдамаса, жастар бізге қайта келіп оқи алады», - дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Сәдібек Бейсенбаев.
Проректордың сөзіне сенсек, өзбекстандықтардың жартысынан көбі үйіне қайтып кеткен. Тек жартысына жетер-жетпес бөлігі оқуды жалғастыра беруді құп көріпті.
Тәжікстаннан студенттерді қайтаруын Өзбекстан билігі ол жақтағы ЖОО-лардың Өзбекстанның Ұлттық рейтингінде жоқ екендігімен, сәйкесінше, білім сапасына күмән келтіретіндігімен түсіндірді. Ал Қазақстандағы студенттерін елге шақыруындағы себеп әлі айтылмады.