Кешелі-бүгінді Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын дұңған азаматтың аудиожазбасы әлеуметтік желіге тарап кетті. Кей адамдар оны басқа мақсатта пайдаланып үлгеруде. Bairaq.kz порталы аталмыш аудиожазбаны сөзбе-сөз аударып, оқырман назарына ұсынуды жөн санады.
«Ассалаумағалейкум! Бір-екі күн шамасында Қазақстанның Қордай деген жерінде Чжан Си (Масанчи) қыстағында болған дұңғандар мен қазақтардың төбелесін естіп, ашудан жарыла жаздап отырмын.
Ондағы дұңған бауырлар, қазақтарды сабапсыңдар, тіпті, жасы сексенге таяған мүгедек қарияға да жұдырық жұмсап, онымен қоймай полиция қызметкерлерінің жағасына жармасыпсыңдар. Бұл не қылған бассыздық! Қандай адамсыңдар сендер?!
Қазақтар - біздің досымыз, діндесіміз, олар да мұсылман. Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. «Егер мұсылман мен мұсылман төбелессе не соғысса, ұрған кісі де, таяқ жеген кісі де, өлген кісі де, өлтірген кісі де тозаққа барады» деген.
Менің қанымды қайнатқаны – масанчи қыстағындағы діндар молдалардың қылығы. Жастар полиция қызметкерлерінің жағасына жармасып жүргенде тізіліп қарап тұрсыңдар. Сендер сақалдарыңды сапситып аталарыңның басына қарап тұрсыңдар ма?! Намаз оқисыңдар ғой! Неге үкімет адамдарының жағасынан алған жастарды тоқтатпайсыңдар?! Құдай бар! Мұсылмандар басқаларды сабырға шақырмаса оны Алла жазалайды! Жаным күйіп барады!
Біразың қырғызға қашып барыпсыңдар. Ол жаққа үдере өтіп айғай-шуды көбейтпеңдер!
Сол жерде қолына «Құран» ұстап жүргендерге айрықша ескерту жасаймын! Сендер Қазақстанға барғалы жүз жылдан асты. Сол жердің суын ішіп, нанын жеп, жерін жайлап жатырсыңдар. Рахмет айтудың орынына сол халыққа секіріп, тайраңдайсыңдар. Не қылған адамсыңдар өзі?! Біздің дінімізде осындай тәрбие берілді ме?!
Мен сол Қазақстандағы Масанчиде тұратын бірнеше ақсақалмен сөйлестім. Сендер өзі қазақ тілін білмейді екенсіңдер, жүз жылдан артық өмір сүріп отырып, қазақ тілін үйренбейді екенсіңдер. «Жүндібастардың» (Қытайдағы дұңғандар орыстарды осылай атады) тілін ғана үйренген екенсіңдер! Не үйренгенсіңдер ол тілмен?! Басқалардың жақсылығын үйреніңдер! Ол жерге балдай батып, судай сіңулерің керек! Балдай батып, судай сіңулерің керек!
Мен Шыңжаңның дұңғаны, мұсылманы ретінде Масанчидағы бауырларымның қылығына қатты күйіндім, түңілдім! Егер жүректеріңде аз ғана ұят болса, дереу барып қазақтардан кешірім сұраңдар! Дәл осы жолғы оқиғаның өршуіне кінәлі – сендерсіңдер! Ойпыр-ай, ұяттан жерге кіріп тұрмын», - дейді.
Ескерту: Аудиожазбадағы сөздер қаз-қалпында, редакцияланбай аударылды.