Жамбыл облысында орын алған төтенше жағдайды ұлтаралық қақтығыс деп қарастыруға болмас. Өйткені, бұл аумақтың шекараға жақындығы мен есірткі айналымының, контрабанданың немесе сыбайлас жемқорлықтың өршуінің салдары осылай көрініс беру әбден мүмкін.
«Вечерний Бишкек» газетінде мақала жарияланып, аталмыш жазбада Қордайдағы қақтығыстың ұлтаралық қақтығыс статусын бүркенген Қазақстанның оңтүстігіндегі есірткі айналымын реттеп отырған «Серік Голованың» ұйымдасқан қылмыстық тобының бүлігі екені жазылған.
Айта кету керек, мақалада аты аталған қылмыс әлемінің серкесі бірнеше күн бұрын Алматы маңында ұсталып, артынша қамауға алынған еді.
«Келесі бірқатар факторлар біздің болжамды айғақтап береді. Біріншіден, жергілікті халықтың қолына жаппай от қарудың түсуі. Екіншіден, жергілікті шенеуніктер, оның ішінде полиция басшыларының орынынан алынуы», - деп жазады газет.
Сондай-ақ, қырғыз ағайынның қаламынан шығатын газеттің бетінде жарық көрген мақалада қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарымның пікірі берілген.
«Орын алған оқиға – бірнеше жылдар бойы қордаланған мәселенің нәтижесі. Мен бұны тұрмыстық жанжал демес едім. Анығында, жағдай ушығып барады. Үшінші күштердің қосылу мүмкіндігі туралы әңгімелер айтыла бастады. Болжам жасағандардың қылмыстық топтарға телуі де қате бола қоймас. Шекаралық аймақтың да белгілі бір деңгейде өзіндік орыны бар», - деді сарапшы.
7-ақпан күні Масанчи, Сортөбе, Аухатты және Булар батыр ауылдарында жаппай төбелес орын алған. Салдарынан 10 адам қаза тауып, бірнеше адамдар дене жарақатын алған.