2022 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін белгіленген нормадан артық шығаруға тыйым салынды.
Енгізілген шектеулерге қарамастан, Қырғызстанмен шекаралас аймақта қазақстандық жанармайды контрабандалық жолмен саудалау тоқтамай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Қырғыз тарапынан «Қордай» шекаралық өткеліне іргелес елді мекендерде жол жиегінде пластикалық ыдыста АИ–92 маркалы қазақстандық бензинді 1 литр үшін 55 сом бағамен, сондай-ақ АИ-95 1 литр үшін 58 сом бағамен сату орындары ұйымдастырылған. Қырғызстандағы жанармай құю бекеттерінде олардың құны шамамен 60 және 63 сомды құрайды.
Контрафактіні сатушылардың айтуынша, жанар-жағармайды оларға жергілікті жеткізушілер де, қазақстандықтар да жеткізеді. Олар үшін шекара арқылы бензин тасымалдау – бизнес және тұрақты қосымша табыс көзі болып отыр. Өйткені Қазақстандағы отын бағасы айтарлықтай арзан.
Көптеген жүргізушілер отынды заңсыз сату мақсатында жеке көліктерімен шекарадан жанармай тасымалдайды. Олар жанармай бактарын көбейту арқылы автомобильдерінің техникалық сипаттамаларына өз бетінше өзгерістер енгізеді. Жанар-жағармай тасымалдаушыларының қауіпсіздік техникасын өрескел бұзуы автокөлік құралдарының жануына және қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.