Қазақстан мен Оңтүстік Корея атом энергиясын дамыту саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып жатыр.
28 маусымда Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бастаған қазақстандық делегация мен Оңтүстік Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігінің өкілдері, сондай-ақ ядролық технологияларды жеткізуші – Korea Hydro & Nuclear Power (KHNP) компаниясы арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен KHNP арасында атом энергетикасын дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Осы меморандум Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы атом энергиясын дамыту саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді. KHNP компаниясы - Оңтүстік Кореяның 24 АЭС-іне иелік ететін және басқаратын KEPCO еншілес ұйымы.
АЭС қуаты бойынша KHNP әлемде 3-ші орында және техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуден бастап, АЭС салу және пайдалануға беруге дейін станция конструкцияларын түрлендіру мен жетілдіру бойынша техникалық көмек көрсетеді.
Қазіргі уақытта KHNP Біріккен Араб Әмірліктерінде APR-1400 реакторы бар Барак АЭС-нің 4 энергия блогын салу бойынша жобаны іске асырып жатыр. Оның екеуі 2020-2021 жылдары пайдалануға берілді.