Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Амангелді Шабдарбаев
Nege.kz сайтына сұхбат беріп, бірқатар шындықтың бетін ашты. Шабдарбаевтың айтуынша, Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтың өліміне билік жауапты.
Сонымен қатар экс-төраға Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы бірқатар сырдың бетін ашты. Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірген қылмыскермен сөйлесіп, іске тереңдей бастағанда тоқтатқанын және қалай қоштасқанын, баласын қудалағанын айтты.
«2010 жылы Нұрсұлтан Әбішұлымен қоштасқан кезде бір-бірімізге ауыр сөздер айттық. Ол кісінің алдына арызымды лақтырып тастап, есігін теуіп кетіп қалғанмын. Маған: «Сені қаматамын!», – дегенде, мен оған: «Қолыңнан келсе, істеп көр», – дедім. Одан кейін баламды да қудалады. Бірақ қазір оны айтпаймын. Құлаған адамды жұдырықтайтын әдетім жоқ. Қазір ол кісіні бәрі табалап жатқан кезде оларға қосылып жамандасам, кім болғаным?..» - дейді ол.