Кеше-бүгін Алматының ақ жауыны дүркін-дүркін себелеп тұр. Десек те, күн райының бұзылуы кітапсүйер қауымның шаһар орталығында өтіп жатқан жәрмеңкеге қадамын тұсай алмады. 28 мамыр күні шымылдығын түрген «Алматы кітап жәрмеңкесіне» бет алған қала тұрғындары мен қонақтарының қарасы қалың. Бүгін – 29 мамыр күні де кісі қарасы молая түскен.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ұйымдастырған І «Алматы кітап жәрмеңкесі» өз деңгейінде жалғасып жатыр.
Жәрмеңкеге 55 қазақстандық баспа мекемесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Ресей Федерациясынан арнайы делегациялар қатысып жатыр.
Ш. Уәлиханов атындағы сквер мен Ғылым ордасының арасына айнала тігілген ақшаңқан шатырларға орналасқан баспагерлер оқырманымен қуана қауышып жатыр. Әрбір баспа мекемесі өздерінің ең үздік кітаптарын жәрмеңке сөресіне қойып, келушілерге жарыса таныстырып жатыр. Сырт қараған кісі көзінде сондай жып-жылы картина тұрары анық.
Тұңғыш рет осындай көлемде ашық аспан астында ұйымдастырылып отқан кітап жәрмеңкесіне Мәдениет және спорт министрі Абаев Дәурен Әскербекұлы, Алматы қаласының әкімі Досаев Ерболат Асқарбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы арнайы ат басын бұрып, салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысты.
Министр мен әкім жәрмеңкеге қатысып жатқан барлық қатысушылардың шатырына тоқтап, кітаптарымен танысып шықты. Қатысушыларға сәттілік тілеп, бірқатар баспалардың кітаптарын талдап, пікірлерін білдірді.
Шараның ресми бөлімін қазақтың арда ақыны Маралтай Райымбекұлы мен Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов бастаған ақын-әншілердің музыкалық-поэтикалық бөлімі жалғастырып әкетті. Сахнаға көтерілген ақындар мен әншілер жәрмеңкеге келген қонақтарға жырдан шашу шашып, әсем әнмен қуантты.
Сондай-ақ, Мемлекеттік қуыршақ театрының әртістері, Алаш арыстарының бейнесіне енген театр әртістері де іс-шарада бой көрсетті. Бір-бірімен үйлесімді номерлер керемет қабысып, ақ жауын төккен аспан астында кітап саудасының көрігін қыздыруға сеп болып тұрды.
Рухани қазына – кітапты ең көп оқитын Алматы шаһарының жұртшылығы, әсіресе жастар жағы белсенді түрде кітап сөрелерін аралады. Жәрмеңкеде кітаптармен қатар қолөнер бұйымдарын, балаларға арналған интеллектуалды ойындар сататын мекемелер де төбе көрсетті.
Жәрмеңкеге белгілі қаламгер Роллан Сейсенбаев өзі басқаратын «Халықаралық Абай клубы» шығарған кітаптарын алып келді. Қаламының қуаты қайтпаған қаламгер жәрмеңке аясында сатылған кітаптарынан түскен қаражаттың барлығын қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлімдеді.
Кешелі-бүгін Мұхтар Шаханов, Әлібек Асқаров, Зейнеп Ахметова, Мади Раимов, Ержан Алаштуған, Алмас Ахметбекұлы, Құлтөлеу Мұқаш, Байбота Қошым-Ноғай, Қуат Қайраңбаев, Асқар Алтай, Бигелді Ғабдуллин, Мұрат Шаймаран, Бекжан Әшірбаев, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан, Бейбіт Сарыбай, Нұртас Тұрғанбек, Мирас Асан, Еркін Нұразханов, Марфуға Шапиян, Бақытжан Бұқарбай, Ержан Алаштуған және тағы да басқа әдебиет, мәдениет өкілдері жәрмеңкеге ат басын бұрған.
Мұхтар Шаханов, Әлібек Асқаров, Бигелді Ғабдуллин сынды қаламгерлерге оқырмандары жапа-тармағай жүгіріп қолтаңба алып, естелік суретке түсіп жатыс-ты.
Нұрлан Албан, «Жігіттер» квартеті, Кенжебек Жанәбілов сияқты ән өнерінің майталмандары жәрмеңке сахнасынан ән маржанын шашты. Осылайша, «Алматы кітап жәрмеңкесі» нағыз кітап тойына айналып, кітапсүйер жұртшылыққа мереке сыйлады.
Бүгін Ғылым ордасының залында «Баспа ісі: түйткілді мәселелер мен жаңа бастамалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Ақтілек Тәжі, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясының вице-президенті Алмаз Шайкен, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының жетекшісі Санжар Керімбай, AmalBooks баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай, Steppe World&Publishing баспасының бас редакторы Назгүл Қожабек және тағы басқа бірқатар баспагерлер қатысты.
Жиын барысында Ақтілек Тәжі баспа ісі саласындағы негізгі мәселелерге қанық екенін айтып, осы мәселелерді шешу жолдары мен саладағы жұмысты ұйымдастырудың жаңа механизмдерін ұсынуды сұрады. Өз кезегінде баспагерлер де тосылып қалмай, мемлекеттік қолдау жөніндегі бағдарламалар мен кітапханаларға кітап жеткізу мәселелерін шешудің бірқатар жолдарын ұсынды. Жиында айтылған мәселелер айтылған күйінде қалмай, әрі қарай оны жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға келісім жасалды.
Ал сахнада «Обасы хрестоматиясы» баспасы «Қисса Сул-Әнбия» кітабының, «Живая книга» баспасы жаңа шығарылымдарының тұсаукесер рәсімін өткізіп жатты. Сондай-ақ, белгілі қаламгер Мағиза Құныпияқызының 50 жасқа толуына орай жаңа кітабының тұсауы кесіліп, белді қаламгерлер құттықтау сөз сөйледі.
«Алматы кітап жәрмеңкесі» ертең жалғасады. Алматылықтарды ауқымды жәрмеңкеден рухани қазына табуға, кітаптарды тікелей баспадан сатып алуға және түрлі жеңілдіктерді пайдалануға, танымал қаламгерлермен кездесуге шақырамыз!