Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Telegram арнасында еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеме жасады.
«Бүгін Конституциялық кеңес еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер жобасына оң қорытынды берді. Бұл – ұлтымыз бен мемлекетіміздің болашағына әсер ететін аса маңызды конституциялық реформалардың орындалуының маңызды қадамы», - деді ол.
Мемлекеттік хатшы алдағы конституциялық реформалардың билік құрылымдары арасындағы балансты сақтауға, ел басқаруға халықтың тікелей қатысуына, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына бағытталатынын айтты.
«Сондай-ақ, жұмыс тобының бірнеше мүшесінің ұсынысын ескере отырып, Конституциялық кеңеске бірінші президенттің статусы туралы норманың күшін жою туралы сұраныс жіберілді. Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, бірінші президенттің еңбегі көпшілікке белгілі және Конституциямен бекітуді қажет етпейді», - деп жазды Қарин.