«Қанды қаңтар» қасіретінен де айлар аунап, өмір өз кезеңімен ағып жатыр. Бұл Қазақстанды елім, жерім дейтін, өркендеуін, өсуін, бейбітшілікте өмір сүруін қалайтын барша отандастарымыздың жүрегіне қаяу, ауыр мұң салған оқиға болды.
Бастапқыда бейбіт шерумен басталған халық наразылығында бас салып қиратушылық, мүлік тонау деген пиғыл болған жоқтығы әмбеге аян. Бірақ, көл-көсір байлық, мемлекетке билік жасап қалған міскіндер «уақыт келдіге» санап, қарақшыларын, арандатушыларын қарумен бейбіт шеруге қосып, қанды қасапқа айналдырып жіберді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ескертусіз атыңдар!» деген бұйрығында мемлекетті қарақшылықпен басып алуға тырысқандарға аяушылық болмасын деген ой жатқанын білдік.
Мемлекет басшысы ҰҚК, әскерилер мен күштік құрылым тарапынан төңкеріс жасаушыларға іш тартушылық болғандықтан Ұжымдық қауыпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін елге кіргізуге мәжбүр болды. Осы қадамға саналы түрде бармағанда мемлекеттігімізді сақтап қалу өте қиынға соғатын еді десек қателеспесек керек.
Арандатушылардың ел ішін ала тайдай бүлдіріп, билікті күшпен тартып алуының ар жағында тұтас елдің емес, ат басындағы төбелдей топтың ғана мүддесі жатты. Халықты тобыр көріп қалған олардың осы төңкеріске қалай, қашаннан бастап дайындалғаны қазір анықталып жатыр.
Екіншіден, бір жерден соғыс өрті бұрқ ете қалса екі алақанын жанып, өз ұпайын түгендеуге келетіндер бар. Күлтелемей айтсақ, халқы қара құрым Күрділер мен Ұйғырлардың мемлекеттігі жоқ. Мемлекет болмаған соң жері де жоқ. Мұндағы содырлр әр жерде бой көтеріп қалады. Олардың Қазақстанға ойран салып, жер басып алмасына кім кепіл.
Осындай оншақты себептерден кейін Президенттің шешімін түсіндік. Ең өкініштісі, қырғын барысында көптеген бейбіт тұрғындар оққа ұшты. Ішінде жас сәбилер де бар.
Мұны ештеңемен ақтап алуға болмайды. Оқиғаға куә болғандар биік үйлердн әскери снайперлердің дәлдеп атқанын айтады. Әскерилер «Комменданттық сағат» уақытынан асқандарды да аяусыз атқан оқиғалар бар.
Жақында Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі Бектанов «Отанға сатқындық жасады» деген күдікпен қамауға алынғанда бұрынған ойда келе жатқан күмәнға жауап тапқандай болдық. Аяуды білмейтін әскерилер мен түрмеге түскен жастарды үтік басып азаптаған жендет полицейлердің арасында бір байланыс бар сияқтанған.
Бүліншілік қолынан келмегеннен кейін пиғылы бөлек топтар мен олигархтар Презедентке халықты осылай қарсы қойып, қайта төңкеріске шақыруы әбден мүмкін еді ғой.
Бүгінде қару-жарақ қоймаларынан ұрланған мыңдаған қару табылмай жатыр. Ен байлық, шексіз биіктен қағылған, оқиға қатысы бар миллиардерлер оңтайлы сәтті күтіп жүрмегеніне ешкім кепілдік бере алмайды.
Тоқаевтың жаны адал, қолы таза адам екенін кезінде оппозиция серкесі Серікболсын Әбділдин марқұм ағамыз айтып еді.
Сын сағатта Президент бүлікшілердің күткеніндй елден қашып кеткен жоқ, жағдайды бірден бақылауға алды. Бір сөзбен айтқанда, Отанымызды қауып-қатерден алып қалды.
Сондықтан да ол жүргізіп жатқан реформалардың аяғына дейін жетуіне септесіп, қасында болуымыз керек.
Бүгінде Қазақстан қалыпты жұмыс кестесіне көшті. Бағыт біреу-Жемқорлықсыз Қазақстан. Осы жегі құртты құрта алса жер асты да, үсті де қазынаға бай Қазақстан аяғынан нық тұрады. Мұны Тоқаев бағыт алған реформалар көрсетіп жатыр. Мемлекет Басшысы сыртқа заңсыз шығарылған ақшаны қайтару жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Міне, бар гәп осында.
Қазір сарапшылар көбейіп тұр. Англиядағы ең ірі банктен Қазақстанның жайын ауыз алпауыттары тыққан млрд.таған долларлардың шеті шығып жатыр екен. «Forbes» рейтингінде 4 млрд. долларға жуық қаржысы бар Тимур Құлыбаевтың Ағылшын банкінің өзінде 8 млрд. долларға жуық ақшасы айналып жүргенін айтады. Жанболат Мамай Құлыбаевтың 30 млрд.-қа жуық доллары бар дегенді айтып қалды. Бұл нақты бизнесі жоқ, Қазақстанның қазба байлығының үстінен жонын жеп отырғандарға тиесілі емес, халқымыздың қаражаты. Ол мемлекетке қайтуы керек. Күлте-күлтеге қарамай. Қазақстанның сыртқы қарызы 180 млрд. долларға жақындап қалды. Оның басым көпшілігі мемлекет кепілдігімен алынған ірі кәсіпкерлеріміздің қарызы десек те дер уақытында төлей алмасақ дефольтқа әкеледі. Ол-Тәуелсіздікке қатер. Оған жерін сатып өзі далада қалған Күрдістан нақты дәлел. Аспан астындағы ел деп әсеттейтін іргедегі көршіміз көптеген мемлекеттерге қарызды көп беріп, орнына жер алып жатқаны да есте болсын.
Біз осы қарыздың орнын жаба алсақ елімізді жау алмайды.
«Қаңтардағы қырғынның» артында кімдер тұрғаны білініп қалды. Енді артқа шегінуге болмайды. Қ.Ж.Тоқаевтың да сыналар жері осы. Мемлекетті төңкерістен аман алып қалды. Сын сағатта сынбайтындығын аңғартты. Реформалар жасауға кірісіп кетті. Сәттілігін тілейік, бірге болайық.
Бақтияр ТАЙЖАН,ҚР Журналистер одағының сыйлығының лауреаты,ҚР Мәдениет қайраткері,ҚР Спорт қайраткері