АҚШ президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай құттықтау хатын жолдады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Мен Орталық Азиядағы және әлемдегі бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденудің көшбасшысы ретінде Қазақстанның 30 жылдығын мерекелеуге қосыламын", - делінген америкалық көшбасшының Қазақстан Президентіне жолдаған хатында.
Байденнің айтуынша, тығыз ынтымақтастық екі елдің игілігі үшін жаңа жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға ықпал етеді. Сыртқы істер министрлігі Америка Құрама Штаттары Қазақстанның аймақтық байланысты, экономикалық өркендеу мен Орталық және Оңтүстік Азия аймақтарындағы өсуді дамытудағы орасан зор күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап көрсетеді.
"Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға және аймақтық тұрақтылықты ілгерілету, климаттық дағдарысқа қарсы тұру, демократиялық институттардың тиімділігін арттыру және адам құқықтарын құрметтеуді ілгерілету бойынша ынтымақтастықты нығайтуға бейілді", - деп жазды Байден.