Қазақстан үкіметі әлемде коронавирустың жаңа «омикрон» штамы тарауына байланысты шектеу шараларын енгізеді. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов хабарлады.
Денсаулық сақтау вице-министрінің сөзінше, «омикрон» штамының пайда болуын ескере отырып, оны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссия ағымдағы жылдың 3 желтоқсанынан бастап шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдаған.
«Бірінші, Боствана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу;
Екінші, «омикрон» нұсқасы анықталған елдерден (Израиль, Чехия, Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада, Египет) келетін азаматтар үшін вакцинасы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР-тестінің бар болуын енгізу;
Үшінші, «омикрон» анықталған елдерден келген азаматтар ПТР нәтижесіне қарамастан, жеті күнге үй карантиніне оқшаулануға тиіс.
Төртінші, Египетпен әуе қатынасын тоқтата тұру», - деді Шоранов.
Марат Шоранов санитарлық-эпидемиологиялық комитет департаменттері әкімдіктерге елге келген тұлғалар жөнінде ақпарат өткізуі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, олар аурухана деңгейінде қашықтан бақылауға алынуы тиіс.