Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық бойынша мыңға жуық адам түрмеден босатылады. Бұл туралы Мәжілісте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
Спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын әзірлегенін айтты. Заң жобасының мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту.
Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, қарт азаматтарға, 1-2 топтағы мүгедектерге және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін басқа да тұлғаларға қолданылады, – деді министр.
Оның айтуынша, елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу абақтысында 34 мыңнан астам адам қамауда отыр, оның ішінде 30 мың сотталғанға қатысты үкім шығарылып, 4 мыңы қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр. Оның 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, 45%-ға жуығы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, 32 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.
Алдын ала есептеулер бойынша, рақымшылыққа 2236 сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 11310 адам түседі. Біріншіден, 1000-ға жуық адам босатылып, 3,8 мың адам пробация қызметінің есептен шығарылады. Екіншіден, өтелмеген жаза мерзімін қысқарту 1294 сотталғанға және пробация қызметінің есебінде тұрған адамға қолданылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі өндірістегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады, оның ішінде 1674-тен астам адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Фото: Kostanaytv