Қазақстан мен Ресей шекарасындағы көлік кептелісіне қатысты түсінік берілді. ҚР Қаржы министрлігі хабарлағандай, көлік кептелісі шекараның Ресей жағында болған және оның себебі - карантин талаптарының енгізілуі.
«30 қазан күні Қазақстан мен Ресей шекарасында көрші ел аумағындағы «Бугристое» автомобильдерді өткізу бекетінде көлік кептелісі болды. Қазақстан жағында кептіліс болған жоқ. Көлік кептелісі 30 қазанда Ресейде енгізілген карантин талаптарына байланысты. Ресей Федерациясының қаулысына сәйкес 30 қазан мен 7 қараша аралығы жұмыс емес күні болып бекітілген. Осыған байланысты қазақстандық және ресейлік тасымалдаушылар біздің елге бағыт алған», - деген хабар таратты министрліктің баспасөз қызметі.
Берілген ақпаратқа сүйенсек, шекарадағы «Қайрақ» автомобильдерді өткізу бекетінен Ресей жағынан күн сайын шамамен 600 көлік өтеді екен. Ал 30 қазан күні шекарадан өткен көліктердің саны 860-қа жеткен.
«30 қазан күнгі сағат 16:00-дегі жағдайға сәйкес Ресей жағындағы жағдай тұрақталды. Қазіргі уақытта көлік кептелісі жоқ», - делінген хабарламада.
Одан бөлек, министрлік ЕАЭО елдерімен шекарадағы мемлекеттік кірістер органдары қос (әскери) мақсаттағы тауарлардың, тыйым салулар мен шектеулер енгізілген тауарлардың, сондай-ақ ДСҰ-ны алу тізбесіне енгізілген тауарлардың өткізілуіне құжаттамалық бақылаудың барын еске салады.
Аталған шара 5 минуттан аспайды және кептілістің туындауына еш әсері жоқ.