Алматыда жеке сот орындаушысын соққыға жықты (видео)
Алматы қаласында жеке сот орындаушысы Әділ Ермековты соққыға жықты. Даулы оқиға төңірегінде бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровтың да есімі аталуда.
Алматы қаласының жеке сот орындаушылар палатасында желіге тараған видео құрылыс ғимаратын сүру бойынша жүргізілген іс-шара қарсаңында түсірілгенін айтады. Сотқа құрылыс иесінің көршілері шағымданған. Олар құрылыстың өз үйлеріне құлағанын айтқан. Құрылыс иесіне атқарушылық жұмыстар басталғаны туралы хабарлама 3 қыркүйек күні жіберілген. 4 қыркүйек күні сот орындаушысы Әділ Ермеков екі полиция қызметкерімен бірге аталмыш орынға келген. Дегенмен, сол маңда жиналған адамдар оған қысым көрсеткен. Алғашында оны қылқындырмақ болыпты, артынан бауыр тұсынан бірнеше соққы жұмсаған.
«Сот орындаушысы дене жарақатын алғаны туралы арыз жазып, қашып шыққан бетте полиция қызметкерлеріне табыстаған. Полиция қызметкерлері сот орындаушысы соққыға жығылған сәтте ешқандай шара қолданбаған. Сот орындаушысының Искаков М.Н. есімді азаматты тұтқындау туралы талабын қанағаттандырмаған», - деп жазылған Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мәлімдемесінде.
Жеке сот орындаушысына қол жұмсаған ер адам оқиға орынына бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровты шақырған. Боксшы оқиға орынына келіп, Әділ Ермековтен полицияға жазған арызын қайтарып алуды талап еткен. Талабын орындамаған жағдайда ұратынын айтып қорқытқан.
«Мәжбүрлі түрде уақытша тоқтатылған жұмыс көрші үйде тұрып жатқан азаматтардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Егер құрылыс құлаған жағдайда көрші үйге залал келтіреді және бұл сот орындаушының жауапкершілігінде болады», - деді Ермеков.
Жеке сот орындаушылар палатасының мәліметінше, Әділ Ермеков медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Қазір ол жұмыста емес екен. Алматы қаласы Полиция басқармасы құрылыс иесінің Полиция басқармасына жеткізілгенін хабарлады.
«Сот орындаушысы үй иесіне арыз жазды, соның нәтижесінде бірнеше сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп жазылған хабарламада.