QazVac қазақстандық вакцинасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» ЖШС сертификаты берілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти, PhD докторы, теолог Ершат Оңғаров QazVac қазақстандық вакцинасы өндірісі халал стандарттарына сәйкес екендігі туралы сертификат табыстады.
Вакцинаға 000669 тіркеу нөмірі берілген. Компанияның өнімдері – ST 96090-5-2021 ЖШС дәрі-дәрмектер мен диеталық қоспаларды өндіруге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы халал талаптарына сәйкес сертификатталған. Сертификатқа «Халал Даму» серіктестігінің директоры Аташев қол қойды.
«Бұған дейін QVDB Halal стандарты бойынша QazVac вакцинасын сертификаттау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері – наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Халал Даму директоры Айбек Асқарбекұлы, шариғат пен пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуали және технолог, медицина маманы Айзат Сатаева «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауыты жағдайында QazVac вакцинасын өндірудің технологиялық процесін көрді», – делінген хабарламада.
Сертификатты алуға зертхана меңгерушілері профессор Көшеметов пен PhD докторы Жүгінісов қатысты.
QazVac вакцинасын Білім министрлігі Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жасаған.
Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының 60 жылдан астам тарихы бар. Ғылыми-зерттеу институты биологиялық қауіпсіздік, вирусология, микробиология, иммунология саласында мол тәжірибе жинақтаған. Институт ғалымдары дәрі-дәрмектің 60-тан астам түрін, оның ішінде 30 вакцина, 16 сынақ жүйесін және 15-тен астам түрлі биологиялық өнімдерді жасап шығарды. Соңғы 10 жылда институт құс және шошқа тұмауына қарсы отандық вакциналарды дайындау технологиясын жасады.