2016 жылғы Рио Олимпиадасында ауыр атлетикадан қыздар арасында күміс медаль иеленген Жазира Жаппарқұл Express Qazaqstan тілшісіне көлемді сұхбат беріп, өзінің жалақыдан шеттетілгенін айтты.
“2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс жүлде еншіледім. Қаншама қошеметке бөлендім. Бірақ үлкен жетістіктің артында қаншама еңбек, құрыған денсаулық тұратынын білсеңіздер ғой. Менде «грыжа» бар еді. Токиоға дейін соны емдеткім келген. Бірақ осы тұста жалақыдан айырылып қалдым. Яғни, алғашында үш жерден: Ұлттық олимпиада комитетінен, Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан және Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы — тілші) спорт басқармасынан жалақы алып тұрған едім. Әрине, ешкім миллион төлеген жоқ. Бірақ Риодан кейін бір жылдан астам төлеп тұрды. Кейін қысқарта бастады. Ең соңында мүлдем жалақысыз қалдым”, - деді ол.
Белі ауырып, елінде жүрген кезде Ұлттық құрама бапкері Юрий Мельниковтың кісі жіберіп, оқу-жаттығу жиындарынан шеттетілгені туралв құжатқа қол қойғызып алғанын айтқан спортшы баспаған жерім, қақпаған есігім қалмады деп отыр.
Амалы таусылған ауыр атлет енді осы мәселемен күресіп, соңына дейін апаруға бел буып отырғанға ұқсайды.
“Жалақымды қайтара ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Мен бірақ соңына дейін барамын. Өйткені болашақта осындай жағдай басқа спортшыларда қайталанбауы үшін соңына дейін күресемін”, - деді ол.