Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс жұмыстары жүріп жатқан екі метрополитен станциясының атауына байланысты ұсыныс білдірген. Әкімнің ұсынысын қалалық мәслихат депутаттары мен қоғам қайраткерлері бірауыздан қолдады.
Бақытжан Әбдірұлы «Достық» станциясын «Б.Момышұлы», ал «Западный» станциясын «Қарасай» деп атауды ұсынған еді.
Қоғамдық ұйым басшысы Мұқан Әбдірахманұлы шаһардың әрбір тұрғыны ұлы тұлғалардың өмірін, қайраткерлігін, жолын әрі сіңірген еңбегін білуі тиіс екенін айтты.
«Олардың есімдері уағында Қазақстанның даңқын шығарды. Сондықтан, оларды өскелең ұрпақ білуі керек. Тарихи тұлғалардың атын ұлықтау – бабалар алдындағы парызымыз», - деді ол.
Сондай-ақ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин бұл ұсынысты қолдайтынын білдірді.
«Метрополитен станциясының даңқты батыр Бауыржан Момышұлының атымен аталуы – әділетті шешім. Тіпті, метроның алдыңғы станциясының «Мәскеу» аталуы да ұйқасты болып тұр. Оны біздің бабамыз қорғады ғой», - деді ол.
Мәслихат депутаттары шаһар басшысының ұсынысын қолдады. Енді Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихат депутаттарының шешімі Республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Нақты шешімді комиссия қабылдайды.