Жақында ғана Экология, геология және табиғи ресурстарминистрі лауазымынан босатылып, ҚР Энергетика министрі болып тағайындалған Мағзум Мырзағалиев бірқатар мәселелер бойынша мәлімдеме жасады.
«Менің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіндегі жұмысым аяқталды. Отанымыздың нағыз кәсіби мамандарымен және патриоттарымен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Баршаңызға табыс және алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізулеріңізді тілеймін!
Экология: ЭЫДҰ қағидаттарына сәйкес келетін экологиялық кодекс әзірленді және қабылданды. Геология: біз нашар зерттелген шөгінді бассейндерде жұмыс істей бастадық, жаңа кен орындары ашылды, Ұлттық геология қызметін құруға кірістік.
Су айналымының төмендігіне қарамастан су тапшылығына жол берілмеді; көрші елдермен "су дипломатиясын" орнаттық, су арналары мен су қоймаларын "цифрландыруды" бастадық.
Орман және жануарлар әлемі: Ұлттық парктерді дамыта бастадық, экотуризм жеке инвестициялар үшін тартымды салаға айналды. Орман қорын ұлғайту бағдарламасын іске қостық, ағаштарды заңсыз кесу және браконьерлік үшін жазаны қатаңдатуға қол жеткіздік.
Балық шаруашылығының әлеуетін ашып, балық өндірісін 2,5 есеге ұлғайттық», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.