Америка Құрама Штаттары жыл аяғына дейін Ирактағы өзінің әскери миссиясын толық аяқтайды. Бұл туралы АҚШ Президенті Джо Байден Ирак премьер-министрі Мустафа аль-Казымимен кездесу барысында айтты.
Америка лидері Байден кездесу кезінде Вашингтон мен Бағдадтың терроризммен күресудегі өзара қарым-қатынасы мұнымен аяқталмайтынын, керісінше тереңдей түсетінін жеткізді. Ақ үй тарапы ирактық әскерилерді оқытуға да дайын екенін білдіріп отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы түрлі ақпараттарға сенсек, бүгінгі күні Ирак жерінде 2,5 мың америкалық әскер бар.
«Біз қауіпсіздік мәселесі жөніндегі серіктестікке берікпіз. Екі мемлекеттің террорлық ұйымдарға тізе қосып қарсы жұмыс істеуі – ортақ мүдде. Біздің терроризммен күрестегі екіжақты жұмыстарымыз әрі қарай жалғасын табады», - деді Байден.